Ескерту: Venera Capital Ltd. атауын алаяқтық мақсатта пайдалану және инвестиция салуға рұқсатсыз ұсыныстар жасау

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) Venera Capital Ltd. (бұдан әрі — Компания) атауын рұқсатсыз пайдалануға байланысты болжамды алаяқтық әрекеттер туралы осы жария ескертуді шығарады. 

Venera Capital Ltd. (БСН 260240900383) – «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген компания және оның инвестициялар бойынша кеңес беру (Advising on Investments), инвестициялармен мәмілелер ұйымдастыру (Arranging Deals in Investments), сондай-ақ босатылған қорларға (Exempt Funds) қатысты ұжымдық инвестициялық схеманы басқару (Managing a Collective Investment Scheme) бойынша реттелетін қызмет түрлерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін AFSA лицензиясы (2026 жылғы 16 ақпандағы № AFSA-A-LA-2026 0002) бар. 

Болжамды алаяқтық әрекеттер және Компания өкілдерінің атын жамылу 

AFSA Venera Capital Ltd. атынан әрекет етеміз деп жалған мәлімдеген тұлғалардың болжамды ұйымдасқан алаяқтық әрекеттеріне қатысты ақпарат пен шағымдар алды. 

AFSA-ға келіп түскен ақпаратқа сәйкес, аталған тұлғалар: 

  • инвесторларды «Webtrader» деп аталған онлайн-сауда платформасы арқылы қаражат аударуға итермелеген;  
  • қаражат тарту үшін vcptlentry.com және quote.vcptlentry.com интернет-домендерін пайдаланған;  
  • Компанияның атауы көрсетілген жалған құжаттарды ұсынған;  
  • Компанияның Бас атқарушы директорының жалған қолтаңбасын пайдаланған;  
  • жалған корпоративтік мөр мен «Verified by AFSA» деген жалған мөртабанды пайдаланған;  
  • USDT арқылы, сондай-ақ бір деңгейлі (peer-to-peer, P2P) аударымдар арқылы қаражат салуды талап еткен;  
  • кейбір төлемдерді қайырымдылық ретінде көрсеткен немесе төлемдерді қайырымдылыққа байланысты сервистер арқылы жүргізген;  
  • қаражат салынғаннан кейін оны шығару туралы өтініштерді орындаудан бас тартқан немесе қаражатты шығаруға кедергі келтірген.  

AFSA жұртшылықты: 

  • сұратылмаған инвестициялық ұсыныстар түскен кезде, әсіресе олар цифрлық активтерге немесе кепілдендірілген кірістілік туралы уәделерге қатысты болса, аса сақ болуға;  
  • AFSA лицензиясы бар адал компаниялар клиенттерге қысым көрсетпейтінін, жеке тұлғалардың шоттарына ақша аударуды талап етпейтінін және қаражатты шығару үшін реттелмейтін үшінші тарап платформаларын пайдалануды міндеттемейтінін ескеруге шақырады.  

Компанияның ресми веб-сайты: www.venera.capital. 

Күдікті әрекеттер туралы хабарлау және одан әрі қабылданатын шаралар 

Егер сізге осындай ұсыныстар жасалса немесе күдікті инвестициялық қызметке немесе инвестициялық қызметтерді ілгерілетуге қатысты күмәніңіз болса, бұл туралы AFSA-ға [email protected] электрондық поштасы арқылы мүмкіндігінше тезірек хабарлауды ұсынамыз. 

AFSA жұртшылықты AFSA лицензиясының негізінде қаржылық қызметтер көрсететінін мәлімдейтін ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде барынша сақ болуға шақырады. Сондай-ақ AFSA кез келген осындай ұйымның мәртебесін AFSA авторизациялаған және/немесе тіркеген барлық ұйымдар туралы ақпарат қамтылған AFSA Жария тізілімі арқылы тексеруді ұсынады. 

 

Анықтама үшін:    

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz   

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]