Ескерту: Kantai Securities Limited атауын алаяқтық мақсатта пайдалану және инвестициялық қызметтерді рұқсатсыз ұсыну

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) Kantai Securities Limited және Kantai Wealth Management Ltd. атауларының рұқсатсыз пайдаланылуына байланысты алаяқтық әрекеттерге қатысты осы ескертуді жұртшылық үшін жариялайды.

Kantai Securities Limited (БСН 180740900057) – «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген және AFSA лицензиясына ие компания (№ AFSA-A-LA-2021-0003, 2021 жылғы 9 ақпан). Аталған лицензия компанияға инвестициялар бойынша кеңес беру (Advising on Investments) және инвестициялық мәмілелерді ұйымдастыру (Arranging Deals in Investments) қызметтерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Компания бұрын Kantai Wealth Management Ltd. атауымен жұмыс істеген, алайда 2024 жылғы 30 мамырда атауын Kantai Securities Limited деп өзгерткен.

Компанияның қазіргі мәртебесі

AFSA компания лицензиясы оған келесі қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқық бермейтінін атап көрсетеді:

  • Клиенттердің қаражатын қабылдау немесе басқару;
  • Клиенттер үшін сауда немесе инвестициялық шоттар ашу және жүргізу;
  • Брокерлік қызметтер көрсету;
  • Валюталық операцияларды жүзеге асыру;
  • Цифрлық активтермен операциялар жүргізу немесе оларды жүзеге асыруға жәрдемдесу.

Алаяқтық әрекеттер және компания атауын пайдалану

AFSA кейбір тұлғалардың аталған компанияның өкілдері ретінде өзін таныстырып, алаяқтық әрекеттерге қатысып жүргенін көрсететін ақпарат пен өтініштер алды.

Аталған әрекеттер мыналарды қамтиды:

  • Компанияның бұрынғы және қазіргі атауын пайдалана отырып, «инвестициялық келісімдер» деп аталатын құжаттарды жасасу;
  • Инвестициялық мүмкіндіктерді ұсыну сылтауымен жеке тұлғалардан қаражат тарту;
  • Төлемдерді «қайырымдылық» ретінде көрсету;
  • Қаражатты қайтарудан бас тарту немесе оларды шешіп алу үшін қосымша талаптар қою;
  • Жеке тұлғаларды криптовалюталық әмияндар мен биржаларды қоса алғанда, реттелмейтін платформаларды пайдалануға мәжбүрлеу;
  • Клиенттердің қаражатын шығарып алуына кедергі келтіру мақсатында психологиялық қысым көрсету және айлашарғы жасау.

AFSA азаматтарға қатаң түрде мыналарды ұсынады:

  • Әсіресе цифрлық активтерге немесе кепілдендірілген табысқа қатысты сұратылмаған инвестициялық ұсыныстарға ерекше сақтықпен қарау;
  • АХҚО лицензиясына ие компаниялар клиенттерге қысым көрсетпейтінін, жеке шоттарға төлем жіберуді сұрамайтынын және қаражатты шығару үшін реттелмейтін үшінші тарап платформаларын пайдалануды талап етпейтінін есте сақтау.

Бұзушылықтар туралы хабарлау және одан арғы іс-қимылдар

Егер сізге осындай ұсыныстар түскен болса немесе күмәнді инвестициялық қызметке не жарнамаға қатысты алаңдаушылығыңыз болса, бұл туралы дереу AFSA-ға [email protected] электрондық поштасы арқылы хабарлауыңызды сұраймыз.

AFSA қаржылық қызметтерді AFSA лицензиясы негізінде көрсететінін мәлімдейтін ұйымдармен өзара әрекеттесу кезінде барынша сақ болуға шақырады және кез келген ұйымның мәртебесін AFSA-ның Жария тізілімі арқылы тексеруге кеңес береді. Жария тізілімде AFSA тарапынан авторизацияланған және/немесе тіркелген барлық ұйымдар туралы ақпарат қамтылған.

Анықтама үшін:

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA)Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]