Ескерту: Investlink Ltd атауын алаяқтық мақсатта пайдалану және AFSA лицензиясын рұқсатсыз қолдану
«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (бұдан әрі — «AFSA») t.me/investlink_kz (@investlink_kz) атауымен жұмыс істейтін Telegram-арнаға және онымен байланысты қызметке қатысты осы жария ескертуді шығарады. Аталған арна өзін Investlink Ltd (бұдан әрі — «Компания») ретінде жалған таныстырады немесе Компаниямен байланысы бар деген жалған түсінік қалыптастырады.
Investlink Ltd (БСН: 211140900412) – «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген және инвестициялар бойынша кеңес беру және инвестициялық мәмілелерді ұйымдастыру жөніндегі реттелетін қызмет түрлерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін AFSA лицензиясына (№ AFSA-A-LA-2021-0037, 2021 жылғы 2 желтоқсанда берілген) ие компания.
Болжамды алаяқтық әрекеттер
AFSA-ға t.me/investlink_kz (@investlink_kz) Telegram-арнасы және онымен байланысты аккаунттар арқылы әрекет ететін үшінші тұлғалардың Компаниямен байланысы бар деген жалған түсінік қалыптастыратын қызметпен айналысып жатқаны белгілі болды.
Атап айтқанда, Telegram-арнада:
- «Investlink» атауы мен Компанияның логотипі рұқсатсыз пайдаланылған;
- @investlink_kz пайдаланушы атауы қолданылған, бұл аккаунт Компанияның Қазақстандағы ресми ресурсы деген жалған түсінік қалыптастыруы мүмкін;
- Компанияға берілген AFSA лицензиясының нөмірі (AFSA-A-LA-2021-0037) рұқсатсыз көрсетілген және пайдаланылған;
- Компанияға қатысты белгілі бір коммерциялық ақпарат, соның ішінде АҚШ долларындағы ақша қаражатының қалдығына 3,25% кірістілік және активтерді 1 000 000 АҚШ доллары көлемінде сақтандыру туралы мәліметтер пайдаланылған;
- рұқсат етілмеген копитрейдинг немесе инвестициялық схема насихатталып, оған қатысуға шақырулар жасалған;
- айына 10-15% кірістілік туралы мәлімдемелерді және 25% кірістілік туралы ақпаратты қоса алғанда, инвестициялық кірістілік жарнамаланған;
- пайдаланушыларға үшінші тарап брокерінде тіркелу, қаражат салу және сауда шоттарын басқаруды @manager_crypto_trader Telegram-аккаунтын пайдаланатын тұлғаға беру ұсынылған.
Компания t.me/investlinkkz Telegram-арнасына, @manager_crypto_trader аккаунтына немесе аталған арналар арқылы насихатталатын қандай да бір копитрейдинг схемаларына ешқандай қатысы жоқ екенін және олармен қандай да бір байланыста немесе коммерциялық қарым-қатынаста еместігін растады.
Жұртшылыққа ескерту
AFSA лицензиясы негізінде қаржылық қызметтер көрсететінін мәлімдейтін веб-сайттармен, платформалармен немесе тұлғалармен әрекеттесу кезінде AFSA барынша сақ болуға шақырады.
Мынаны ескерген жөн:
- алаяқтар өз қызметінің заңды екені туралы жалған түсінік қалыптастыру үшін шынайы реттеушілік лицензиялар мен сертификаттарды, компаниялардың атаулары мен логотиптерін, сондай-ақ тіркеу деректерін көшіріп пайдалануы мүмкін;
- веб-сайтта AFSA лицензиясының көрсетілуі сол веб-сайт операторының AFSA тарапынан шынымен авторизацияланғанын өздігінен растамайды;
- ақша аудармас немесе жеке ақпаратты бермес бұрын инвесторлар қаржылық қызметтер ұсынатын кез келген тұлғаның немесе ұйымның жеке басын және реттеушілік мәртебесін өз бетінше тексеруі, сондай-ақ пайдаланылатын интернет-ресурстың АХҚО қатысушысының ресми ресурсы екеніне көз жеткізуі тиіс.
Компанияның ресми интернет-ресурстары:
- https://investlink.io/
- https://investlink.kz/
- https://t.me/investlink_io
Күдікті әрекеттер туралы хабарлау және одан әрі шаралар
Егер сізге осындай ұсыныстар жасалса немесе күдікті инвестициялық қызметке не жарнамаға қатысты күмән туындаса, бұл туралы AFSA-ға [email protected] электрондық поштасы арқылы жедел хабарлауға шақырамыз.
AFSA лицензиясы негізінде қаржылық қызметтер көрсететінін мәлімдейтін тұлғалармен және ұйымдармен әрекеттесу кезінде AFSA жұртшылықты барынша сақ болуға шақырады және мұндай тұлғалар мен ұйымдардың мәртебесін AFSA авторизациялаған және/немесе тіркеген барлық ұйымдар туралы ақпарат қамтылған AFSA Жария тізілімі арқылы тексеруді ұсынады.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]