Фанг Хонг Лим AFSA директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды

2026 жылғы 23 мамырдан бастап Фанг Хонг Лим АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) директорлар кеңесінің атқарушы емес мүшесі және Аудит және тәуекелдер жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде құрамына енді. Тиісті шешімді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы 2026 жылғы 22 мамырда мақұлдады. 

AFSA Директорлар кеңесінің төрайымы Анджела Найт былай деп пікір білдірді: «Біз Лим мырзаның AFSA директорлар кеңесінің құрамына қосылғанына қуаныштымыз. Оның қызмет мансабы қаржы секторын қадағалау, корпоративтік тәуекелдерді басқару және өңірлік нарықтық интеграция салаларында мемлекеттік және жеке сектордағы тәжірибенің бірегей үйлесімін көрсетеді. Әсіресе оның әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының бірі – Сингапурдағы мол жұмыс тәжірибесін ескерсек, оның тағайындалуы AFSA-ның халықаралық перспективасын одан әрі нығайтып, директорлар кеңесінің географиялық алуандылығын кеңейтеді». 

Фанг Хонг Лим – тәуекелдерді басқару және қаржылық қадағалау саласындағы халықаралық деңгейде танылған маман, оның жаһандық қаржы институттары мен реттеуші органдардағы жұмыс тәжірибесі қырық жылдан асады. Фанг Хонг Лим Сингапурдың Ақша-кредит басқармасының (MAS) директоры лауазымын атқарған кезеңде реттеу және қадағалау саласында елеулі тәжірибе жинақтап, Азия қаржы дағдарысынан кейінгі қаржылық қадағалау жүйесін нығайтуға үлес қосты. 

Фанг Хонг Лимнің тәуекелдерді басқару саласындағы мол тәжірибесі, соның ішінде CIMB Group компаниясында тәуекелдер жөніндегі бас директор және Deutsche Bank-та басқарушы директор ретінде қызметтер атқаруы қадағалау тиімділігін арттыруға қосымша құндылық әкеледі. Сонымен қатар, Лим мырза Toronto Centre ұйымында аға директор лауазымын атқарады, онда ол әлем бойынша реттеушілер мен қадағалау органдарының әлеуетін кеңейтуге қолдау көрсетеді. Бұл AFSA-ға заманауи қадағалау әдістері, қаржылық тұрақтылық және жүйелік тәуекелдерді қадағалау жөніндегі қосымша деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, директорлар кеңесінің атқарушы емес мүшесі мен аудит және тәуекелдер жөніндегі комитетінің төрағасы Мұхтар Бөбеев өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты кеңес құрамынан шығады. 

Анджела Найт былай деп пікір білдірді: «AFSA директорлар кеңесінің атынан Мұхтар Бөбеевке оның жұмысы мен ісіне адалдығы үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. АХҚО-дағы тоғыз жыл ішінде Мұхтар Бөбеев ерекше сарапшылық білімін, адалдығын және көшбасшылық қасиеттерін көрсетті, соның ішінде аудит және тәуекелдер жөніндегі комитеттің төрағасы лауазымын атқарды. Оның саясаттарды әзірлеу және реттеу саласындағы бай тәжірибесі AFSA-ның нормативтік-құқықтық базасы мен тәуекелдерді басқару жүйесін нығайту, сондай-ақ АХҚО-ның бүкіл экожүйесін дамыту ісінде маңызды рөл атқарды. Біз AFSA-ның қалыптасқан әрі халықаралық деңгейде танылған реттеуші ретінде орнығуына ықпал еткен елеулі үлесі үшін ризашылығымызды білдіреміз және алдағы қызметіне табыс тілейміз». 

Анықтама үшін: 

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz 

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]