Ескерту: The Ultima Global Markets Qazaqstan Limited атауын алаяқтық мақсатта пайдалану

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) The Ultima Global Markets Qazaqstan Limited (Компания) атауын рұқсатсыз пайдалануға байланысты алаяқтық әрекеттер жөнінде осы ескертуді жариялайды. 

The Ultima Global Markets Qazaqstan Limited (БСН: 221040900440) — «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген компания. 

Болжамды алаяқтық әрекеттер 

AFSA-ға үшінші тұлғалардың мынадай әрекеттер жасағаны туралы ақпарат келіп түсті: 

  • өздерін Компанияның өкілдері ретінде таныстырған;  
  • Компания атынан инвестициялық өнімдер ұсынған;  
  • Компанияның атауын пайдалана отырып, шарттарды, шот ашуға арналған құжаттарды және өзге де материалдарды таратқан;  
  • Компанияның қызметкерлері, лауазымды тұлғалары немесе уәкілетті өкілдері болып табылмайтын адамдардың есімдерін пайдаланған;  
  • азаматтардан ақша қаражатын тартқан немесе алған.  

Қоғамға ескерту 

AFSA қаржылық қызметтер көрсететінін мәлімдейтін веб-сайттармен, платформалармен немесе тұлғалармен өзара әрекеттесу кезінде барынша сақ болуға кеңес береді. 

Мынаны ескеру қажет: 

  • алаяқтар өз қызметінің заңдылығы туралы жалған түсінік қалыптастыру үшін түпнұсқа реттеушілік лицензияларды, сертификаттарды, компаниялардың атауларын, логотиптерін және тіркеу деректерін көшіріп пайдалануы мүмкін;  
  • AFSA лицензиясы сертификатының веб-сайтта орналастырылуының өзі сол веб-сайтта көрсетілген компанияның AFSA тарапынан шынымен авторизацияланғанын растамайды;  
  • ақша қаражатын аудармас немесе дербес деректерді ұсынбас бұрын, инвесторлар қаржылық қызметтер ұсынатын кез келген тұлғаның немесе ұйымның жеке басын және реттеушілік мәртебесін өз бетінше тексеруі, сондай-ақ пайдаланылатын интернет-ресурстың АХҚО Қатысушысының ресми ресурсы екеніне көз жеткізуі қажет.  

Күдікті әрекеттер туралы хабарлау және одан әрі іс-қимыл 

Егер сізге осындай ұсыныстар жасалса немесе күдікті инвестициялық қызметке не инвестициялық өнімдерді ілгерілетуге қатысты күмән туындаса, бұл туралы AFSA-ға [email protected] электрондық поштасы арқылы дереу хабарлауға кеңес береміз. 

AFSA қоғамды AFSA лицензиясы негізінде қаржылық қызметтер көрсететінін мәлімдейтін ұйымдармен өзара әрекеттесу кезінде барынша сақ болуға шақырады және мұндай ұйымдардың мәртебесін AFSA-ның Жария тізілімінен тексеруді ұсынады. Тізілімде AFSA авторизациялаған және/немесе тіркеген барлық ұйымдар туралы ақпарат қамтылған. 

 

Анықтама үшін:     

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz    

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz    

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]