Ескерту: Freedom Finance Global PLC атауын алаяқтық мақсатта пайдалану және AFSA лицензиясын рұқсатсыз пайдалану

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) бұған дейін https://nystatebees.com доменінде жұмыс істеген, қазіргі уақытта белсенді емес веб-сайтқа қатысты осы ескертуді жариялайды. Аталған веб-сайт өзін Freedom Finance Global PLC (бұдан әрі — Компания) веб-сайты немесе Компаниямен байланысты веб-сайт ретінде жалған таныстырған болуы мүмкін. 

Freedom Finance Global PLC (БСН: 200240900095) — «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген және AFSA лицензиясына (№ AFSA-A-LA-2020-0019, 2020 жылғы 14 ақпанда берілген) ие компания. Лицензия Компанияға мынадай реттелетін қызмет түрлерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді: принципал ретінде инвестициялармен мәмілелер жасау (Dealing in Investments as Principal); агент ретінде инвестициялармен мәмілелер жасау (Dealing in Investments as Agent); инвестицияларды басқару (Managing Investments); ұжымдық инвестициялық схеманы басқару (Managing a Collective Investment Scheme); инвестициялар бойынша кеңес беру (Advising on Investments); инвестициялармен мәмілелерді ұйымдастыру (Arranging Deals in Investments); кастодиандық қызметтер көрсету (Providing Custody); және кастодиандық қызметтер көрсетуді ұйымдастыру (Arranging Custody). 

Болжамды алаяқтық әрекеттер және AFSA лицензиясын заңсыз пайдалану 

AFSA-ға аталған веб-сайттың: 

  • Компанияның рұқсатынсыз «Freedom Finance Global» атауын пайдаланғаны;  
  • веб-сайт пен оның операторлары AFSA тарапынан авторизацияланған және оның қадағалауында деген жалған түсінік қалыптастыра отырып, AFSA атауын веб-сайтта көрнекі түрде орналастырғаны;  
  • Компанияның рұқсатынсыз Freedom Finance Global PLC-ге берілген AFSA лицензиясының түпнұсқа сертификатының көшірмесін (№ AFSA-A-LA-2020-0019 лицензия) орналастырғаны;  
  • жұртшылықта веб-сайтты лицензияланған Компания басқарады немесе ол Компаниямен байланысты деген жалған түсінік қалыптастыру мақсатында Freedom Finance Global PLC және AFSA туралы жоғарыда аталған мәліметтерді пайдаланғаны белгілі болды.  

AFSA лицензиясының сертификатын рұқсатсыз пайдалану қандай да бір тұлғаға, компанияға, веб-сайтқа немесе платформаға реттеушілік мәртебе бермейді және олардың қызметінің заңдылығын растамайды. 

Жұртшылыққа ескерту 

AFSA жұртшылықты AFSA лицензиясы негізінде қаржылық қызметтер көрсететінін мәлімдейтін веб-сайттармен, платформалармен немесе тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кезінде барынша сақ болуға шақырады. 

Мынаны ескерген жөн: 

  • алаяқтар өз қызметінің заңдылығы туралы жалған түсінік қалыптастыру үшін шынайы реттеушілік лицензияларды, сертификаттарды, компаниялардың атаулары мен логотиптерін, сондай-ақ тіркеу деректерін көшіріп пайдалануы мүмкін;  
  • AFSA лицензиясы сертификатының веб-сайтта орналастырылуының өзі осы веб-сайт операторының AFSA тарапынан авторизацияланғанын растамайды;  
  • ақша аудармас бұрын немесе дербес ақпаратты ұсынбас бұрын инвесторлар қаржылық қызметтер ұсынатын кез келген тұлғаның немесе ұйымның жеке басын және реттеушілік мәртебесін өз бетінше тексеріп, пайдаланылатын интернет-ресурстың АХҚО қатысушысының ресми ресурсы екеніне көз жеткізуі қажет.  

Компанияның ресми веб-сайты: www.fbroker.kz. 

Күдікті қызмет туралы хабарлау және одан арғы әрекеттер 

Егер сізге осындай ұсыныстар жасалса немесе күдікті инвестициялық қызметке не инвестициялық қызметтерді ілгерілетуге қатысты күмәніңіз болса, бұл туралы AFSA-ға [email protected] электрондық поштасы арқылы дереу хабарлауға кеңес береміз. 

AFSA жұртшылықты AFSA лицензиясы негізінде қаржылық қызметтер көрсететінін мәлімдейтін ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде барынша сақ болуға шақырады және мұндай ұйымдардың мәртебесін AFSA авторизациялаған және/немесе тіркеген барлық ұйымдар туралы ақпарат қамтылған AFSA Жария тізілімінен тексеруді ұсынады. 

 

Анықтама үшін:     

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz    

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz    

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]