АХҚО-да цифрлық активтерді қауіпсіз пайдалану жөнінде семинар өтті

АХҚО алаңында «Орталық Азиядағы криптовалюта: FATF 15 ұсыныcы бойынша навигация – сын-қатерлер және үздік тәжірибелер» семинары өтті, онда криптовалютаны қауіпсіз әрі жауапты пайдалануды қамтамасыз ету жолдары талқылануда.

Халықаралық тренинг барысында AFSA өкілдері тарапынан криптовалюталарды қауіпсіз әрі жауапты пайдалану үшін экожүйені дамыту шараларын қолға алу керектігі айтылды. AFSA Қазақстанда және жалпы өңірде цифрлық активтер индустриясын реттей алатын жалғыз платформа бола отырып, оның басты басымдықтарының бірі цифрлық активтерді пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыру үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету болып қала береді. Жақында пилоттық жобаның нәтижелері бойынша қабылданған цифрлық активтер қызметіне қатысты ережелер жинағы, атап айтқанда, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының «саяхат ережелерін» (ағылш. «travel rule») орындауға қатысты егжей-тегжейлі талаптарды қамтиды және анонимді цифрлық активтер мен құрылғыларды пайдалануға тыйым салады, сондай-ақ цифрлық активтер қызметтерін жеткізушілер үшін жыл сайынғы тәуелсіз ІТ-аудитті енгізеді.

Семинарға негізгі мүдделі тараптардың атынан Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан арнайы келген қатысушылар қатысты. Олардың арасында мемлекеттік сектордан қаржы реттеушілерінің, ұлттық банктердің және қаржылық барлау бөлімшелерінің өкілдері бар. Қазақстанның құқық қорғау органдары арасынан қатысушы ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратураның өкілдері қатысты. Жеке сектордан АХҚО және Қазақстанның қаржы институттары ұсынған коммерциялық банктер, цифрлық активтер биржалары, инвестициялық компаниялардың өкілдері арнайы келді.

AFSA бас директоры Нұрхат Көшімов: «Мемлекеттік және жеке сектордағы негізгі мүдделі тұлғалардың басын қосып қана қоймай, семинарда цифрлық активтерге байланысты тәуекелдердің қыр-сыры туралы жалпы түсінік бере отырып, осы салада өзара белсенді ынтымақтастықты қалыптастыру көзделген. Іс-шара бір мәселе бойынша әртүрлі салаларда жұмыс істеп жүрген өкілдер арасында білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған. Бұл өз кезегінде реттеуші және құқық қорғау органдарына цифрлық активтермен байланысты заңсыз қаржылық қызмет негізінде туындайтын мәселелерді алдын алуға көмектеседі. Трансшекаралық ынтымақтастық құра отырып жұмыс істеу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке баса назар аудару цифрлық активтер секторын реттеу мен қадағалау ісінде аса маңызды», — деп атап өтті.

Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич: «Мен Ұлыбританияның жетекші талдау орталығы RUSI мен АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитетімен бірлесіп ұйымдастырылып отырған, ҚР Қаржы мониторингі агенттігі тарапынан қолдау тапқан бүгінгі семинарға қатысушыларды көргеніме қуаныштымын. Бұл Өзбекстан мен Қырғызстан өңірлік әріптестерімізді қоса алғанда Қазақстанның қаржы жүйесін нығайту жөніндегі жобаларымыздың жалғасы әрі бір көрінісі саналады. Бүгінгі семинар Орталық Азия аймағында қаржы жүйесінің шағын бөлігі саналатын, бірақ бүкіл әлемде маңызды әрі өсіп келе жатқан үлкен қаржы саласы болып табылатын криптовалюталардың бүгіні мен болашағына арналады. Біз Қазақстанның қаржы жүйесін нығайту жөніндегі ортақ бастамаларымызды дамыта беруге мүдделі екенімізді жеткізгім келеді», деп пікір білдірді.

Айта кетсек, семинарды Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің қолдауымен Қауіпсіздік және қорғаныс мәселелерін зерттеу жөніндегі Біріккен корольдік институт, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі және AFSA ұйымдастырған болатын. Алқалы жиын 2023 жылы Ұлыбритания елшілігінің демеушілігімен «Виртуалды активтердегі заңсыз қаржыға қарсы іс-қимыл» атты кең жобасы аясында басталған. Ол өз кезегінде Әлеуетті арттыру бойынша іс-шаралардың бірі болып табылады.

 

Анықтамалық ақпарат:

 

RUSI — Қауіпсіздік және қорғаныс мәселелерін зерттеу жөніндегі Біріккен корольдік институт (ағылш.: Royal United Services Institute for Defence and Security Studies).

 

FATF (Financial Action Task Force) – бұл ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (АЖ/ТҚҚ) саласындағы әлемдік стандарттарды әзірлеумен айналысатын үкіметаралық ұйым, сондай-ақ ұлттық жүйелердің осы стандарттарға сай келуін бағалауды жүзеге асырады.

АХҚО қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы»  Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржы қызметтерін және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО тәуелсіз реттеушісі болып табылады. АХҚО ережелері қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 78 елден 2500-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрін Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарындағы қолжетімді қызметтер тізімімен салыстыруға болады. www.afsa.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу немесе жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

Қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

pr@afsa.kz