AFSA мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп- тексеру қызметі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттың негізгі мақсаты — тергеп-тексеру және цифрлық активтермен жұмыс істеу саласында ақпарат пен тәжірибе алмасу. 

Меморандумға 6 тамыз күні Астанада AFSA-ның Бас атқарушы директоры Евгения Богданова мен Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің бастығы Асхат Шәріпов қол қойды.

Меморандум қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), цифрлық активтер саласындағы қылмыстарға және өзге де қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Тараптар осы бағытта ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ бірлескен оқыту іс-шараларын өткізуге және қаржылық қылмыстарды тергеп-тексеру тетіктерін жетілдіруге келісті. Бұл ретте ақпаратты және дербес деректерді қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасы мен АХҚО нормативтік актілерінің талаптары сақталатын болады. 

AFSA мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің бірлескен қызметі қаржы нарығының ашықтығын арттыруға, оның қатысушыларының құқықтарын қорғауға және қаржы жүйесіне деген сенімді нығайтуға ықпал етеді. 

Анықтама үшін:     

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz   

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]