AFSA клирингтік қатысу сертификаттарын білікті инвестициялар ретінде тану бойынша консультацияларды бастайды

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) International Trading System Limited (ITS) компаниясы шығаратын клирингтік қатысу сертификаттарын (КҚС) АХҚО-ның Көпжақты және ұйымдастырылған сауда платформалары қағидаларына (MOTF) сәйкес білікті инвестициялар ретінде тану жөніндегі ұсыныс бойынша консультацияларды бастады.

Бұл ұсыныс КҚС-ты ITS көпжақты сауда платформасында (MTF) сауда-саттыққа жіберуге мүмкіндік береді және «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) өтімділікті басқарудың неғұрлым тиімді жүйесін дамытуға ықпал етеді. КҚС репо операциялары үшін стандартталған қамтамасыз ету құралы ретінде пайдалануға арналған. Бұл нарық қатысушыларына қамтамасыз ету активтерін тиімдірек пайдалануға және клирингтік экожүйедегі өтімділікті арттыруға мүмкіндік береді. 

КҚС ITS орталық контрагенті (CCP) қолдайтын және клирингке қатысушылар енгізген рұқсат етілген активтерден қалыптастырылатын оқшауланған қамтамасыз ету пулына қатысу құқығын растайды. Құрал орталықтандырылған әрі реттелетін инфрақұрылым шеңберінде активтер кепілімен репо мәмілелері арқылы қаржыландыру тартуды қамтамасыз етуге арналған. Бұл ретте қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, күнделікті бағалау, маржалық тетіктер және тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы тиісті қорғаныс шаралары сақталады. 

AFSA бағалауы КҚС енгізудің ықтимал экономикалық артықшылықтарын ескереді. Олардың қатарына кепіл активтерінің икемділігін арттыру, неттинг тиімділігін жақсарту және АХҚО ақша нарығы сегментінің дамуын қолдау жатады. Ұсынылып отырған қағидалар сондай-ақ анықталған тәуекелдерді, оның ішінде өтімділік, нарықтық, кредиттік, операциялық тәуекелдерді және қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі тәуекелін төмендетуге бағытталған шараларды қамтиды. 

Ұсынылып отырған тану белгілі бір шарттарға, сондай-ақ ITS тарапынан тиісті корпоративтік басқаруды, операциялық тетіктерді және ашықтыққа қатысты күшейтілген міндеттемелерді қамтамасыз ету талаптарына байланысты болады. 

AFSA нарық қатысушыларын, инвесторларды және басқа да мүдделі тараптарды Консультациялық құжатпен танысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын 2026 жылғы 13 тамызға дейін [email protected] электрондық поштасына жолдауға шақырады. AFSA ұсынылған тану туралы түпкілікті шешім қабылдамас бұрын барлық жауаптарды мұқият қарайды. 

Анықтама үшін:  

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA)Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz 

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]