AFSA АХҚО-дағы оқиғаларға байланысты келісімшарттарға қатысты болжамды тәсіл туралы хабарламаны жариялады
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) оқиғаларға байланысты келісімшарттарға қатысты болжамды тәсіл туралы хабарламаны жариялады. Бастама АХҚО-да инновацияларды қолдауға және туынды қаржы құралдары нарығын одан әрі дамытуға, сонымен қатар жаңа өнімдерді бақыланатын реттеушілік ортада тестілеуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Оқиғаларға байланысты келісімшарттар – төлемі болашақта белгілі бір оқиғаның орын алуына немесе орын алмауына байланысты болатын туынды қаржы құралдары. AFSA тәсіліне сәйкес тестіленетін келісімшарттар тек қаржылық және экономикалық оқиғаларға байланысты болуы мүмкін.
Тестілеу тек АХҚО FinTech Lab аясында қолжетімді болады. AFSA ұсынылатын өнімді, бизнес-модельді, сондай-ақ өтініш берушінің мүмкіндіктері мен ресурстарын ескере отырып, әрбір өтінімді тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде жеке қарастырады. Оқиғаларға байланысты келісімшарттар тек кәсіби клиенттерге (Professional Clients) және белгіленген талаптарға сәйкес келетін, қажетті сәйкестік бағалауынан өткен жартылай кәсіби клиенттерге (Semi-professional Clients) ұсынылуы мүмкін. Олар жалпы бөлшек клиенттер үшін қолжетімді болмайды.
Сондай-ақ бірқатар қорғау шаралары көзделген. Оқиғаларға байланысты келісімшарттар толық көлемде қамтамасыз етілуге тиіс, ал маржаны немесе кредиттік левереджді пайдалануға жол берілмейді. Тестілеуге қатысатын фирмалар клиенттерге өнім және онымен байланысты тәуекелдер туралы анық ақпарат беруге, сондай-ақ сауда-саттық басталғанға дейін клиенттің келісімшарттың «бәрі немесе ештеңе» қағидатына негізделген бинарлық сипатын түсінетінін растайтын келісімін алуға міндетті.
AFSA оқиғаларға байланысты келісімшарттармен байланысты қызметке нарықты теріс пайдалануға және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі талаптарды да қолданатын болады. Тестілеуге қатысатын фирмалар нарықты теріс пайдалану және қаржылық қылмыстарды анықтау мен олардың алдын алу үшін тиісті жүйелер мен бақылау тетіктерін қамтамасыз етуге міндетті болады.
FinTech Lab AFSA-ға келісімшарттардың талаптарын, клиенттердің бейіндерін және транзакцияларды қоса алғанда, тестілеу процесін бақылауға мүмкіндік береді. Клиенттер үшін, нарықтың тұтастығына немесе AFSA-ның реттеушілік мақсаттарына қатысты тәуекелдер туындаған жағдайда, AFSA шарттар мен шектеулерді белгілеуге немесе өзгертуге, жекелеген өнімдерді шектеуге не тестілеуді тоқтатуды талап етуге құқылы.
Толық тәсіл «AFSA-ның АХҚО-дағы оқиғаларға байланысты келісімшарттарға қатысты болжамды тәсіл туралы хабарламасында» баяндалған. Құжат мына сілтеме бойынша қолжетімді.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]