AFSA қорларды басқарушыларға жүргізілген тақырыптық шолудың нәтижелерін жариялады

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) ұжымдық инвестициялық схеманы басқару жөніндегі реттелетін қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар АХҚО қатысушыларына жүргізілген тақырыптық шолудың нәтижелерін жариялады. Сонымен қатар, AFSA аталған ұйымдардың басшыларына шолу қорытындысы бойынша негізгі қадағалау талаптары мен күтулері баяндалған хатты жариялады. 

Шолу барысында AFSA қаржылық қызметті адал жүргізу тәжірибесін, қорларды басқару сапасын, инвесторларды қорғау шараларын, құжаттаманы жүргізуді және АХҚО-ның қолданылатын қағидаларын сақтауды бағалады. Бұдан бөлек, ұйымдардың капитал мен өтімді активтер мөлшерін есептеу және бақылау үшін қолданатын жүйелері мен рәсімдері, сондай-ақ АХҚО-ның инвестициялық фирмаларға арналған пруденциялық қағидаларын сақтауы зерделенді. 

Ануар Калиев, AFSA Қадағалау кеңсесінің Басқарушы директоры: 

«Біздің ойымызша, қадағалаудағы ұйымдармен және нарық қатысушыларымен ашық әрі айқын диалог жүргізу — тиімді қадағалау мен орнықты қаржы нарығының маңызды құрамдас бөлігі. 

Ұйым басшыларына арналған хат пен тақырыптық шолу есебін жариялау арқылы біз ұсынымдарымызбен бөлісіп, шолу аясында қамтылған мәселелер бойынша күтулерімізді түсіндіреміз. Бұл ұйымдарға реттеушілік талаптарды сақтауға көмектесіп, АХҚО-да қорларды адал, тиімді, ашық әрі реттелген түрде басқаруға ықпал етеді, қаржылық тұрақтылықты нығайтады және инвесторлар мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғауға септігін тигізеді деп сенеміз». 

Тақырыптық шолумен осы сілтеме бойынша танысуға болады. 

Ұйым басшыларына арналған хатпен осы сілтеме бойынша танысуға болады. 

 

Анықтама үшін:  

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz  

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]