AFSA активтерді басқару, қаржылық технологиялар және АХҚО қағидаларына нысаналы түзетулер енгізу жөніндегі консультацияларды бастайды
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) нарық қатысушыларына реттеушілік базаны жаңарту жөніндегі бастамаларды талқылауға арналған үш консультациялық құжат ұсынды. Бұл бастамалар реттеудің нарықтың өзгеріп отырған қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз етуге және жаңа тәуекелдерге төзімділігін арттыруға бағытталған. Талқылау үш негізгі бағытты қамтиды: активтерді басқару, қаржылық технологиялар және АХҚО қағидаларына кэптивтік сақтандыруға, клиенттердің активтерін қорғауға және исламдық қаржыландыруға қатысты нысаналы түзетулер енгізу.
Активтерді басқару саласындағы реттеуге өзгерістер енгізу жөніндегі консультациялық құжат
Бұл құжат АХҚО-дағы активтерді басқару секторын одан әрі дамыту мақсатында ұжымдық инвестициялау схемаларын реттеуді жетілдіруге бағытталған. Ұсынылып отырған өзгерістер AFSA-ның қадағалау тәжірибесі мен Call for Evidence шеңберінде алынған ұсыныстар негізінде әзірленді.
Негізгі өзгерістер мыналарды қамтиды:
- хедж-қорлардың (Hedge Funds) жеке санатын енгізу, жеке капитал қорларын (Private Equity Funds), қолшатыр қорларды (Umbrella Funds) және қорлар қорларын (Fund of Funds) реттеуге өзгерістер енгізу, сондай-ақ биржалық инвестициялық қорларға (Exchange Traded Funds) және отбасылық қорларға (Single Family Office Funds) қатысты жекелеген ережелерді нақтылау арқылы мамандандырылған қорлар режимін жетілдіру;
- АХҚО-да ұжымдық инвестициялау схемаларын құру үшін қосымша ұйымдық-құқықтық нысан ретінде инвестициялық трасты (Investment Trust) енгізу;
- АХҚО-дағы инвестициялық пайларды (units) реттеуді нақтылау;
- қорлардың қызметі мен инвесторларды қорғауға қатысты өзге де практикалық мәселелерді шешу.
Консультациялық құжатта сондай-ақ Call for Evidence шеңберінде нарықтан алынған, бірақ ұсынылып отырған өзгерістер жобасына енгізілмеген ұсыныстар қарастырылған.
Консультациялық құжаттың толық мәтінімен осы сілтеме арқылы танысуға болады.
Қаржылық технологияларды реттеуге өзгерістер енгізу жөніндегі консультациялық құжат
АХҚО-ның Қаржылық технологиялар қағидаларын (AIFC FinTech Rules) қолдану тәжірибесін талдау нәтижелері мен үздік халықаралық тәжірибелер негізінде әзірленген бұл құжат реттеушілік айқындықты арттыруға, нарықтың дамуын қолдауға және реттеушілік құмсалғыштың (FinTech Lab) АХҚО-дағы инновациялар үшін тиімді алаң ретінде жұмысын одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған.
Негізгі өзгерістер мыналарды қамтиды:
- FinTech Lab-қа қатысу критерийлерін қайта қарау;
- өтінімді алдын ала беру кезеңі мен өтінім беру кезеңін біріктіру арқылы FinTech Lab-та авторизациялау процесін оңтайландыру;
- AFSA-мен тиісті өзара іс-қимыл жағдайында авторизацияланған тұлғаларға (Authorised Persons) жеке FinTech Lab лицензиясын алмай-ақ FinTech Lab қызметіне қатысу мүмкіндігін беру;
- бір клиентке арналған тестілеу лимиттерін және жиынтық лимиттерді ұлғайту, соның ішінде клиенттің білімі, тәжірибесі мен біліктілігі бағаланған жағдайда жоғары лимиттерді енгізу;
- клиенттерге қызмет көрсетуді бастау шарттарын жетілдіру;
- FinTech Lab қатысушыларын лицензиялау талаптарын және олардың реттеушілік құмсалғыш режимінен шығу тәртібін нақтылау.
Консультациялық құжаттың толық мәтінімен осы сілтеме арқылы танысуға болады.
АХҚО қағидаларына нысаналы өзгерістер енгізу жөніндегі консультациялық құжат
Бұл құжат AFSA-ның реттеуді жетілдіру жөніндегі жүйелі тәсілінің бір бөлігі болып табылады және қадағалау қызметінің нәтижелеріне, нарықпен консультацияларға және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының реттеу тәжірибесін салыстырмалы талдауға негізделген жекелеген нормативтік және операциялық өзгерістерді көздейді.
Негізгі өзгерістер мыналарды қамтиды:
- «Group» терминінің анықтамасын енгізу және кэптивтік сақтандыру қызметін (Captive Insurance Business) реттеуді нақтылау арқылы кэптивтік сақтандырушы (Captive Insurer) режимін жетілдіру;
- клиенттердің активтерін сақтау, сыртқы аудит жүргізу және төтенше жағдайларға дайындық бойынша қосымша талаптарды енгізу арқылы клиенттердің активтерін қорғауды күшейту;
- шектеулі пайда бөлу инвестициялық шоттарын (Restricted Profit-Sharing Investment Accounts, RPSIAs) реттеуді нақтылау, оның ішінде қолданылатын бухгалтерлік есеп стандарттары, активтерді оқшаулау және есептілік талаптары;
- исламдық қаржыландырудың нормативтік базасын жаңғырту, атап айтқанда исламдық қаржылық келісімшарт (Islamic Financial Contract) ұғымын енгізу, musawamah, wakala, qard және wa’d келісімдерінің әртүрлі түрлерін қосу арқылы танылатын исламдық қаржылық келісімшарттар тізбесін кеңейту, сондай-ақ ілеспе техникалық өзгерістер енгізу.
Консультациялық құжаттың толық мәтінімен осы сілтеме арқылы танысуға болады.
AFSA барлық мүдделі тараптардың ұсыныстары мен пікірлерін қабылдауға ашық. Ұсынылып отырған өзгерістерге қатысты ескертулер мен ұсыныстарды 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін [email protected] электрондық поштасына жолдауға болады.
Барлық келіп түскен пікірлер мұқият қаралады және қажет болған жағдайда ұсыныстарға тиісті түзетулер енгізіледі.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]