Цифрлық активтер және орнықты даму. Сарапшылар AIF аясында өткен АХҚО-ның панельдік сессияларында заманауи трендтерді талқылады

«Астана» халықаралық қаржы орталығы 29-30 мамырда Қазақстан астанасында өткен Astana International Forum аясында екі панельдік сессияның бірлескен ұйымдастырушысы болды. Цифрлық активтер мен орнықты дамуды қаржыландыру – осы дискуссиялардың негізгі тақырыптары болды, іс-шараға қаржы секторындағы негізгі трендтерді талқылау үшін мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және бизнестің өкілдері жиналды.  

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров: «Astana International Forum жоғары деңгейдегі дискуссиялық алаңы мәртебесін бекітті, мұнда мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, халықаралық сарапшылар мен бизнес өкілдері саясат, экономика және қаржы салаларындағы жаһандық сын-тегеуіріндер мен даму перспективаларын талқылайды. Форум аясында АХҚО қазіргі заманғы қаржының маңызды тақырыптары – біздің күнделікті өмірімізге барған сайын терең еніп, экономиканы өзгертіп жатқан цифрлық активтер және адамның қоршаған ортаға әсерін төмендету жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу үшін орнықты дамуды қаржыландыру туралы сессиялар ұйымдастырды». 

Форум аясында АХҚО өткізген бірінші сессия – «Цифрлық активтер революциясы: Астана цифрлық қаржының жаһандық картасында» деп аталды, АХҚО реттеушісі – Astana Financial Services Authority (AFSA) Бас директоры Евгения Богданова модератор болды.  

AFSA Бас директоры Евгения Богданова: «Қазақстан цифрлық активтер секторында өңірлік көшбасшы позициясына ие болу үшін елеулі қадамдар жасауда. Мұның бәрі 2019 жылы АХҚО базасында FinTech-құм жәшігінің және эксперименттік реттеуші режимнің іске қосылуынан басталды. 2022 жылы АХҚО ұлттық реттеушілермен бірлесіп 6 криптовалюта биржасы, 8 банк пен 50 мыңға жуық қолданушылардың қатысуымен крипто-фиат шлюздерін интеграциялау бойынша пилоттық жобаға бастамашы болды. Бұл жоба өте сәтті болды. Бүгінгі таңда АХҚО Binance, Bybit, Bitfinex сияқты лицензияланған криптоплатформалар, сондай-ақ цифрлық активтердің басқа да жеткізушілері жұмыс істейтін толыққанды экожүйеге айналды. Осы жылдың бірінші тоқсанында ғана сауда-саттықтың жалпы көлемі 1,7 миллиард АҚШ долларын құрады». 

Сессияда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Solana Foundation президенті Лили Лю, цифрлық трансформация басшысы және ҚР Ұлттық Банкі төрағасының кеңесшісі Бинұр Жаленов, Binance Kazakhstan бас менеджері Нұрхат Көшімов және Visa вице-президенті және Орталық Азиядағы өңірлік директоры Санжар Сүлейманов қаржылық ландшафт цифрлық активтердің әсерінен қалай өзгеріп жатқанын талқылады. 

Қазірдің өзінде олардың тез енуі жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, сонымен қатар қаржы жүйелері мен жалпы экономика үшін белгілі бір сын-тегеуіріндер туғызуда.  Осыған байланысты спикерлер цифрлық валюталардың – криптовалюталар мен токендерден бастап Орталық банктердің цифрлық валюталарына (CBDC) дейінгі эволюция процесін және олардың ақша-несие саясатына әсерін қарастырды. 

Сондай-ақ цифрлық активтерді жаһандық реттеу контекстіндегі Қазақстан мен АХҚО-ның бірегейлігі, трансшекаралық төлемдер мен есеп айырысуларды оңайлатудың блокчейн негізіндегі сервистердің мүмкіндіктері, CBDC-дің дәстүрлі монетарлық саясатқа әсері және орталық банктердің рөлі, сондай-ақ цифрлық активтердің Қазақстанмен әлемде инвестициялық құрал ретінде танымалдылығының артуы – талқылаудың орталық тақырыптары болды. 

Binance Қазақстан бас менеджері Нұрхат Көшімов: «Біз Binance ретінде АХҚО-ны юрисдикция ретінде таңдадық, өйткені Қазақстан – компаниямыз үшін стратегиялық маңызды нарық. Юрисдикцияда ашық, барабар және теңдестірілген реттеу жүйесінің болғаны өте маңызды. Бұдан басқа, біз компания ретінде технологиялармен бөлісу, инфрақұрылым мен адами капиталға инвестиция салу, жергілікті командаларды дамыту сияқты  шарттармен жұмыс істеуге міндеттіміз деп санаймыз».  

Solana Foundation президенті Лили Лю: «Криптоиндустрия таланттар мен капиталды дамытуға инвестиция салуды жалғастыруы керек. Дәл осы екі элемент әрқашан Solana сияқты экожүйені құруға негіз болды – біз энтузиастарды үсті-үстіне тартудамыз, оларға ресурстар мен мүмкіндіктер берудеміз. (…) Және бұл тәсілді біз Қазақстанда белсенді түрде ілгерілетуге ниеттіміз, өйткені дәл осы жерде таланттардың ең перспективалы және динамикалық экожүйелерінің бірі шоғырланған». 

 

Анықтама үшін:

АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 85 елден 3800-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz  

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]