АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) және Сальвадордың Цифрлық активтер жөніндегі ұлттық комиссиясы (CNAD) 2024 жылғы мамыр айында өз юрисдикцияларында цифрлық активтер нарықтарында ынтымақтастықты, өзара көмекті нығайтуға және ақпарат алмасуды жеңілдетуге бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Осылайша, AFSA-ның әлемдегі басқа реттеушілермен халықаралық келісімдерінің жалпы саны 54-ке жетті.
Құжат екі реттеушінің де ынтымақтастықты нығайту міндеттемесін көрсетеді. Келісімнің негізгі мақсаты – қаржы саласындағы трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту, жоғары деңгейде жүйелі коммуникацияларды жолға қою және қаржы нарықтары туралы ақпарат алмасуды жеңілдету.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы инновацияларды белсенді қолдайды және тұрақты өсу мен прогреске ықпал ете отырып, қаржы секторындағы инновациялық тәсілдерді дамытуға жәрдемдеседі. Атап айтқанда, соңғы жылдары АХҚО мен Қазақстанда цифрлық активтердің экожүйесін құру бойынша айтарлықтай күш-жігер жұмсалды. Мысалы, АХҚО лицензиясы бар криптобиржалар мен Қазақстанның коммерциялық банктері арасындағы фиаттық шлюздерін тестілеу жөніндегі пилоттық жоба шеңберіндегі транзакциялардың жалпы көлемін шамамен 240 млн долларға дейін жетті де бірқатар реттеуші бастамалар үшін негіз болды. Оларға цифрлық активтер қызметтерін жеткізушілердің және Қазақстанның коммерциялық банктерінің өзара іс-қимыл жасау қағидалары, цифрлық активтермен қызмет жөніндегі қағидалар жиынтығы, токенизацияланған бағалы қағаздар бойынша және стейблкоиндер шығару жөніндегі реттеуші база жатады.
Жаңа өнімдер мен қызметтерді одан әрі сынау мақсатында AFSA жаңа жобалармен қауіпсіз тәжірибе жасау үшін өзінің FinTech Lab (реттеуші құмсалғыш) платформасын ұсынады. Бүгінгі таңда құмсалғышта 18 қатысушы бар, олардың көпшілігі (14) – цифрлық активтер қызметтерін жеткізушілер. Цифрлық активтер қызметтерін жеткізушілердің сауда-саттық көлемі 2023 жылы 320 млн долларды құрады, ал 2024 жылдың бірінші тоқсанның өзінде бұл көрсеткіш 232 млн долларға жетті.
AFSA бас директоры Нұрхат Көшімов: «Шекара арқылы адамдардың, тауарлардың, қызметтердің және қаржының қарқынды ағыны ұлттық реттеу жүйелерінің беріктігін, тиімділігі мен мүмкіндіктерін сынауда. Өсіп келе жатқан жаһандану мен цифрландырумен бірге мұндай даму қарқыны саясаткерлер мен реттеушілерге жалғыз өзі жеңуі қиын болатын міндеттер қояды. Реттеу саласындағы ынтымақтастық олқылықтарды жоюға әрі тезірек және қауіпсіз транзакциялар үшін ережелерді үйлестіруге көмектеседі».
CNAD президенті Хуан Карлос Рейес мұндай өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою экономиканың жаппай жаһандануы жағдайында маңызды қадам деп санайды: «Біз AFSA-ны цифрлық активтерді реттеу саласындағы ізашарлардың бірі деп санаймыз және бұл меморандумға қол қою жаһандық реттеушілерді нығайтудағы маңызды қадам деп ойлаймыз. Біз географиялық кедергілерді жеңетін технологиялармен жұмыс істейтінімізді ескере отырып, реттелетін компаниялар әр елге әр түрлі әсер етуі мүмкін екенін мойындау өте маңызды. Осындай келісімдер жасай отырып, біз үздік тәжірибелерді енгізуді қамтамасыз ете аламыз, өзге ниеттегі қатысушыларды анықтай аламыз әрі ең бастысы, әр елдің жаһандық және ұлттық талаптарына сәйкес қаржылық ашықтыққа қол жеткізе аламыз».
CNAD компаниясы Сальвадор елінің цифрлық экономиканың көшбасшысы ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Қатаң реттеуші базаның арқасында CNAD елдің қаржылық инклюзивтілігі мен серпінді экономикалық дамуына ықпал ете отырып, цифрлық активтердің қауіпсіз және ашық нарығын табысты дамытуда. Көзге көрінетін үлкен жетістіктердің қатарына $ESOY[1] ұсынған Е-GRAINS S.A. DE C.V. жария ұсынысының іске қосылуы, сондай-ақ вулкан энергиясы бойынша биткоин өндіру бойынша инновациялық жобаны («вулкандық облигация») мақұлдау кіреді. Сальвадор реттеушісі өзінің «реттеуші құмсалғышы» жобасы аясында бір миллиард доллардан астам нақты активтерді токенизациялауды жүзеге асырды.
Цифрлық активтерді реттеу жөніндегі беделді орган ретінде CNAD нарықтың барлық қатысушыларының ең жоғары жұмыс стандарттарын сақтауын қамтамасыз ететін жан-жақты қоғамдық тізілім құрды. Ұйымның лицензиялау мен қадағалауға белсенді көзқарасы тұтынушылардың мүдделері мен қаржы жүйесінің тұтастығын қорғау арқылы алаяқтық әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік берді. CNAD-тың инновациялар мен ынтымақтастықты ынталандыруға деген ұмтылысы Сальвадордағы цифрлық активтер секторын дамытуда маңызды рөл атқарды.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржы қызметтерін және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 78 елден 2700-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрін Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарындағы қолжетімді қызметтер тізімімен салыстыруға болады. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу әрі жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс үшін:
Қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45
Сальвадордың Цифрлық активтер жөніндегі ұлттық комиссиясы (CNAD) Сальвадордағы цифрлық активтер саласын қадағалау және реттеу функциялары бар ең маңызды мемлекеттік мекеме саналады. Бұған криптовалюталар, токендер және басқа сандық қаржы құралдары кіреді. CNAD-тың негізгі міндеті – цифрлық активтер нарығында қауіпсіздікті, ашықтықты және сенімділікті сақтау, осылайша қаржылық инклюзивтілік пен экономикалық прогреске ықпал ету.
[1] Соя дәндерімен қамтамасыз етілген инновациялық $ESOY таңбалауыштарын шығару