Компаниялар тіркеушісі тізілімді өзектілендіру және АХҚО-ның қатысушы компанияларын бақылау жұмысын күшейтеді

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) құрылған сәттен бастап Орталық қатысушыларын тіркеу мен қадағалауды қоса алғанда, өз өкілеттіктері шеңберінде міндеттерді белсенді орындауда. 2017 жылдан бастап АХҚО-да 4 600-ден астам компания тіркелген.

Жалпы құқық қағидаттарына негізделген АХҚО-ның құқықтық ортасы оны қаржылық және қаржылық емес компаниялар үшін тартымды етеді. Қатысушылар арасында ірі операциялық компанияларды, IT-стартаптарды, тау-кен өндіру және мұнай-газ секторы компанияларын, эндаумент-қорларды және басқа салалардағы ұйымдарды атап өтуге болады.

Сонымен қатар, басқа халықаралық юрисдикциялардағыдай, АХҚО-ның Жария тізіліміне операциялық қызметі шектеулі компаниялар қатыса алады. Бұл компаниялар әртүрлі әкімшілік мақсаттар үшін құрылуы мүмкін. АХҚО реттеушісінің міндеті — Жария тізілімдегі деректердің өзектілігі мен компаниялардың нақты мәртебесін көрсетуін қамтамасыз ету, бұл АХҚО экожүйесінің ашықтығы мен оған деген сенімді арттырады.

Осыған байланысты АХҚО Компаниялар тіркеушісі деректерді өзектілендіру және компаниялардың белсенділігін растау бойынша жоспарлы жұмысты бастайды. Бұл жұмысқа жылдық есептердің уақтылы тапсырылуын және тіркеу деректерінің өзектілігін тексеру; құжаттармен расталатын нақты операциялық қызметтің болуы; қолданыстағы лицензиялардың бар-жоғын тексеру; АХҚО актілерінің талаптары мен есептілік мерзімдерінің сақталуы кіреді.

Мәртебесін нақтылау қажеттілігі анықталатын барлық компанияларға олардың операциялық қызметін растау жөніндегі түсіндірмелері мен ұсынымдары бар ресми хабарламалар жіберілетін болады.

Белсенділікті растауды ұсынбаған компаниялар «Компаниялар туралы» АХҚО актісінің (AIFC Companies Regulations) 167-бабына сәйкес тізілімнен (strike off) шығарылуы мүмкін.

Strike off рәсімі Сингапур, Ұлыбритания, Делавэр, Австралия және т.б. қоса алғанда, жетекші юрисдикцияларда қолданылатын стандартты халықаралық практика болып табылады.

Бұл бастаманы іске асыру Жария тізілімнің өзектілігі мен ашықтығын қолдауға, АХҚО іскерлік беделін нығайтуға, сондай-ақ ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (AML/CFT) саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етуге бағытталған.

АХҚО-ның белсенді қатысушы-компаниялары үшін бұл жұмыс қиындық туғызбайды. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша анықталған компанияларға нақты нұсқаулықтар мен қажет ақпаратты ұсыну үшін жеткілікті мерзім берілетін болады.

Анықтамалық ақпарат: 

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 88 елден 4600-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz  

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]