Ескерту: regfs.it.com веб-сайты AFSA ресми сайтының элементтерін заңсыз пайдаланған
«Астана» халықаралық қаржы орталығының («AFSA») Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті қаржы секторының қатысушыларын және жұртшылықты regfs.it.com веб-сайтының AFSA ресми сайтының сыртқы түрін, дизайн элементтерін және мазмұнын заңсыз пайдаланғаны туралы ескертеді.
Көрсетілген веб-сайт және осы ресурста орналастырылған байланыс деректері ([email protected] электрондық поштаны қоса алғанда) AFSA-ға ешқандай қатысы жоқ. Осы интернет-ресурстың қызметі пайдаланушыларды адастыруға және дербес деректерді, жеке және қаржылық ақпаратты ықтимал жинауға бағытталуы мүмкін.
AFSA қаржы секторының қатысушыларына және жалпы жұртшылыққа AFSA-ның тек ресми веб-сайтын пайдалануды, күмәнді интернет-ресурстарға кіруден аулақ болуды, дербес немесе қаржылық деректерді тексерілмеген сайттарға немесе тұлғаларға бермеуді және олардың пайдасына ақша аударымдарын немесе төлемдерді жасамауды ұсынады.
Маңызды ақпарат:
- AFSA-ның ресми сайты — afsa.aifc.kz. Дәл осы мекенжайды браузер жолағында қолданатындығыңызға көз жеткізіңіз.
- AFSA үшінші тараптар, бейресми сайттар, әлеуметтік желілер немесе мессенджерлер арқылы төлемдер мен өтемақыларды ұсынбайды.
- AFSA-ның тиісті төлемдері AFSA-ның ресми сайтында https://orderly.myafsa.com/articles/feesrules бөлімде жарияланған. AFSA ешқашан жеке хабарламалар, SMS немесе үшінші тараптар арқылы төлем сұрамайды.
- AFSA қатысушылардың тіркелуі және/немесе лицензияларының болуы туралы ақпаратты тексеру үшін afsa.aifc.kz сайтындағы Жария тізілімде орналастырылған АХҚО қатысушылары туралы өзекті ақпаратты тексеруді ұсынады.
- Барлық ресми хат-хабарлар тек AFSA-ның ресми сайтындағы тиісті бөлімдерде көрсетілген тексерілген байланыс деректері арқылы жүзеге асырылады.
AFSA қырағы болуды және өздерін AFSA ретінде көрсеткісі келетін күдікті сайттар немесе хабарламалар туралы хабарлауды ұсынады. Сіз мұны біздің веб-сайттағы онлайн нысанды қолдана отырып жасай аласыз.
Егер сіз күдікті сайтта деректерді енгізіп қойған немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу сізге қызмет көрсететін банкке және құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 85 елден 3900-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45