Ескерту: ITS Tech Limited атауын алаяқтық жолмен пайдалану және лицензиясыз брокерлік қызметтер көрсету фактісі орын алды
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) қаржылық қоғамдастық қатысушыларын ITS Tech Limited атауын заңсыз пайдаланумен байланысты алаяқтық әрекеттер туралы хабардар етеді.
AFSA-ға белгісіз тұлғалар өздерін ITS Tech Limited компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырып, бөлшек инвесторларға брокерлік және инвестициялық қызметтер ұсынып жүргені жөнінде ақпарат келіп түсті. Осыған байланысты AFSA мынаны түсіндіреді: ITS Tech Limited компаниясы АХҚО-да тіркелгенімен, брокерлік немесе инвестициялық қызметпен айналысу үшін AFSA-дан лицензия алмаған. Аталған компанияның қызметі тек International Trading System Ltd. (“ITS”) (MTF) сауда инфрақұрылымының жұмысын қамтамасыз етумен шектеледі. Бұл – бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу, жүйеге қолжетімділік және лицензияланған брокерлер мен банктерге техникалық қолдау көрсету сияқты қызметтер. ITS Tech Limited жеке тұлғаларға шот ашпайды және бөлшек инвесторлардан қаражат қабылдамайды.
ITS компаниясының жалғыз ресми сайты – www.itsx.kz, www.its-world.kz. Оған қатысы жоқ кез келген басқа сайттар мен өздерін жұртқа ITS Tech Limited атынан таныстыратын тұлғалар әлеуетті түрде алаяқтар ретінде қарастырылуы тиіс.
ITS Tech Limited компаниясы AFSA-ға анықталған алаяқтық веб-сайттарды бұғаттау үшін барлық мүмкін шараларды қолданып жатқанын хабарлады.
AFSA кез келген компанияның лицензиясының болуын тексеруді ұсынады. Бұл ақпарат АХҚО-да тіркелген және AFSA тарапынан лицензияланған ұйымдар туралы өзекті мәліметтерді қамтитын Жария тізілімде қолжетімді. Қаржылық қызметтерді немесе өнімдерді пайдаланбас бұрын компанияның лицензиясын тексеру – инвесторларды қорғаудың ең маңызды жолдарының бірі. Себебі алаяқтар AFSA-ның атауы мен логотипі бар жалған лицензияларды пайдалану арқылы сенімділік туғызуға тырысады. Компанияның лицензиялық мәртебесін растаудың жалғыз сенімді дереккөз – AFSA-ның ресми сайтындағы Жария тізілім.
AFSA азаматтарға өздерін ITS Tech Limited компаниясының өкілдері ретінде таныстырып, брокерлік шот ашу немесе ақша аударуға шақыратын тұлғалармен байланысқа түспеуді қатаң түрде ескертеді. Егер сізге осындай тұлғалар хабарласса, бұл туралы дереу Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына хабарлауыңыз қажет. Сонымен қатар, күмәнді хат-хабар немесе ықтимал алаяқтық фактісі туралы AFSA-ның ресми сайтындағы онлайн нысан арқылы хабарлауға болады.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 85 елден 4300-ға жуық қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. afsa.aifc.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45