Ескерту: AFSA ресми сайтының жалған көшірмесі анықталды
«Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті («AFSA») қаржы секторының қатысушылары мен жұртшылықты AFSA ресми сайтының клон нұсқасын пайдалануға байланысты алаяқтық оқиғасының жаңа фактісі туралы ескертеді.
Алаяқтар AFSA ресми веб-сайтының визуалды стилін, дизайн элементтерін және контентін пайдаланған. Бұл интернет-ресурстың қызметі пайдаланушыларды шатастыруға және жеке, қаржылық және басқа да құпия деректерді жинауға бағытталуы мүмкін.
Осы алаяқтық веб-ресурс анықталған сәттен AFSA оны бұғаттау үшін жедел шаралар қабылдады.
Дегенмен, AFSA қаржы секторының қатысушыларына және жалпы жұртшылыққа қырағылық танытуға, тек AFSA ресми сайтын пайдалануға, тексерілмеген интернет-ресурстарға кірмеуге, жеке немесе қаржылық деректерді күмәнді сайттарға немесе тұлғаларға бермеуге, сондай-ақ олардың пайдасына ақша аударымдарын немесе өзге де төлемдерді жасаудан бас тартуға қатаң түрде кеңес береді.
Маңызды ақпарат:
- AFSA-ның ресми сайты – afsa.aifc.kz. Браузер жолағында дәл осы URL мекенжайын қолданатыныңызға көз жеткізуіңізді сұраймыз.
- AFSA үшінші тараптар, бейресми интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер немесе мессенджерлер арқылы ешқандай төлем, өтемақы немесе қайтарым жасамайды.
- AFSA қолданатын барлық алымдар ресми сайттың https://orderly.myafsa.com/articles/feesrules бөлімінде жарияланған. AFSA жеке хабарламалар, SMS немесе делдалдар арқылы ешқашан төлем сұрамайды.
- AFSA АХҚО қатысушыларының заңдылығы мен мәртебесін afsa.aifc.kz сайты бойынша Жария тізілімде тексеруді ұсынады.
- Барлық ресми хат алмасулар тек AFSA-ның ресми сайтында көрсетілген байланыс деректері арқылы жүргізіледі.
AFSA жұртшылықты қырағы болуға және AFSA түріндегі кез келген күдікті веб-ресурстар немесе хабарламалар туралы хабар беруге шақырады. Мұндай оқиғалар туралы ресми сайттағы онлайн-нысан арқылы хабарлауға болады.
Егер сіз өз деректеріңізді күдікті ресурсқа енгізіп қойсаңыз немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, қызмет көрсететін банкке және құқық қорғау органдарына дереу хабарласуды ұсынамыз.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 85 елден 4000-yfy астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
—
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45