AFSA төлем қызметтерін ұсынатын қатысушылардың қызметін реттеу мәселелері туралы консультациялық құжат жөніндегі жария консультациялар кезеңін ұзартады. Пікірлер берудің жаңа мерзімі – 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін.
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) төлем қызметтерін ұсынатын қатысушылардың қызметін реттеуге қатысты консультациялық құжат жөнінде пікірлер беру мерзімін ұзартты. Пікірлер берудің жаңа мерзімі – 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін. Пікірлеріңізді алғаннан кейін AFSA осы ұсынысқа қандай да бір нақтылаулар енгізу қажеттілігін қарастырады.
Консультациялардың бастапқы кезеңі 2024 жылдың 23 қазанына дейін белгіленген болатын. Алайда, консультациялық құжаттың маңыздылығын және ұсынылған шаралардың сала үшін ықтимал әсерін ескере отырып, AFSA мүдделі тараптардың кең ауқымынан мейілінше көбірек пікір жинағысы келеді, сондықтан консультациялардың мерзімін 2024 жылдың желтоқсан айының соңына дейін ұзартуға шешім қабылдады.
Атап айтқанда, ұсынылған шаралар төлем қызметтерін көрсететін қатысушылар қызметінің периметрі шеңберінде цифрлық активтерді төлем мақсатында пайдалануды ұсына отырып, АХҚО-дағы инновацияларды ынталандыруға бағытталған. Қабылданған жағдайда, мұндай тәсіл цифрлық активтерді пайдалана отырып, қаржылық қызметтерді көрсету үшін неғұрлым кең салдарға әкелуі мүмкін және қаржылық қызметтердің көбірек түрлерін қамту есебінен AFSA-ның реттеу периметрінің (мысалы, цифрлық активтерді кастодиандық емес сақтау қызметтерін көрсетушілерге АХҚО-да лицензия алуға қатысты ұсынылатын талап) кеңеюіне әкеледі. Осыған байланысты тағы бір ұсыныс цифрлық активтерге қатысты ақшалай қызмет көрсету саласын анықтауға қатысты, өйткені ол фиаттық және цифрлық активтермен байланысты ақшалай қызметтерді қамтуға бағытталған.
AFSA кері байланыс төлем қызметтерін ұсынатын қатысушылардың реттеуші режимін дамытуға ықпал етеді деп санайтын тағы бір мәселе – ақшалай қызмет көрсету саласын қолданыстағы қызметтер шегінен тыс кеңейту және осылайша оған келесі қызмет түрлерін қосу туралы ұсыныс: төлемдер эквайрингі[1], төлемдерге бастамашылық ету[2], шот туралы ақпарат беру[3], төлем шотын ұсыну немесе басқару және валюта айырбастауды[4] ұйымдастыру. Жоғарыда айтылғандарға қосымша біз ақшалай қызметтер ұсыну дегеніміз не және не емес екендігінің аражігін анықтауды ұсынамыз, өйткені бұл ажырату түсініктеме беру туралы көптеген сұраулар тудырды.
Дегенмен, мәселе туралы толық түсінікке ие болу үшін біз нарық қатысушыларына консультациялық құжатты егжей-тегжейлі зерделеуді және төмендегі сілтеме бойынша жария консультацияға шығарылған барлық мәселелермен танысуды ұсынамыз.
Осы құжатта баяндалған ұсыныстар АХҚО аясында ақшалай қызметтер көрсету қызметімен айналысуға ұмтылатын қазіргі немесе әлеуетті өтінім берушілер, көмекші қызметтерді ұсынушылар және кәсіби консультанттар үшін қызықты болады.
Жария консультациялар барысында АХҚО-ның қазіргі және әлеуетті қатысушыларына, сондай-ақ басқа да мүдделі тараптарға Консультациялық құжатта баяндалған мәселелер жөнінде өз ескертулерін айту ұсынылады.
AFSA пікірлерді [email protected] электрондық поштасы арқылы алуды жөн көреді.
Консультациялық құжатқа https://orderly.myafsa.com/articles/consultation-paper-afsa-f-ce-2024-0001-from-23-september-2024-on-on-providing-money-services-framework сілтемесі арқылы қол жеткізуге болады.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 80-нен астам елден 3300-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45 [email protected]
[1] Сатушылар атынан транзакциялар жүргізу, оларға клиенттерден кредиттік немесе дебеттік карталар сияқты төлем әдістерін қабылдауға мүмкіндік беру (мысалы, интернетте онлайн сатып алулар үшін төлемдерді қабылдау және т.б.).
[2] финтех компания ұсынатын, әдетте, пайдаланушыға ыңғайлы және/немесе қолайлы онлайн-қызмет, ол клиентке басқа қаржылық қызмет ұсынушыда (мысалы, банкте) ашылған өз шотынан төлемді бастауға мүмкіндік береді.
[3] Бірнеше қаржылық қызмет ұсынушыдан (мысалы, банктерден) қаржылық ақпаратты (шот балансы, транзакция тарихы және т.б.) біріктіруге мүмкіндік беретін қызмет
[4] АХҚО-ның Валюталық реттеу және ақпарат беру қағидаларына сәйкес валюта айырбастау қызметтерін ұсынуға рұқсаты бар ұйымдарды тарту арқылы клиенттерге валюта айырбастау қызметтерін ұсыну.