AFSA iKapitalist Ltd краудфандинг платформасының қызметін тексеруді аяқтады және оның жұмысын жақсартудың іс-шаралар жоспарын бекітті
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) iKapitalist Ltd краудфандинг платформасын тексеруді аяқтады. Алты айға созылған инспекция компанияның қызметін жан-жақты талдауды қамтыды. 21 инвестордан компанияның қызметіне қатысты шағымдарын келіп түскеннен кейін AFSA 2024 жылдың тамызында тексеруді бастаған еді.
Тексеру барысында инспекциялық топ компанияның АХҚО актілерінің талаптарын сақтауын бағалауға, дефолт жағдайларын қоса алғанда, қаржылық және операциялық тәуекелдерді талдауға, сондай-ақ тәуекелдерді басқару процестерін және ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі рәсімдерді тексеруге назар аударды. AFSA сонымен қатар мәмілелер бойынша есептерді, компанияның негізгі лауазымдарына тағайындауларды зерделеді.
Тексеру нәтижелері бойынша AFSA жою қажет бірқатар кемшілікті анықтады және компанияға оларды түзету үшін нұсқаулар мен ұсынымдар жіберді. Анықталған проблемаларды жоюға және ағымдағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленіп, келісілді. Ұсынымдар корпоративтік басқаруды жақсартуды, ашықтық пен ақпаратты (соның ішінде дефолт деңгейі жөнінде) ашудың толықтығын арттыруды, сондай-ақ платформаның клиенттермен өзара әрекеттесу процестерін оңтайландыруды, соның ішінде шағымдарды өңдеуді қамтыды.
Ұсынымдарды іске асырудағы алғашқы қадам ағымдағы жылдың 14 ақпанында өткен жұмыс кездесу болды, онда проблемалық мәмілелер талқыланды, сондай-ақ оларды жоюдың басым бағыттары мен шаралары айқындалды. Кездесуден кейін AFSA әр инвесторға қабылданған шаралар туралы жазбаша хабарлама жіберді.
Анықталған тәуекелдерге байланысты компанияны реттеушілік қадағалау деңгейін арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл шаралар инвесторлардың мүддесін қорғауға, ұзақ мерзімді перспективада компания жұмысының ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан басқа, AFSA портфельдің сапасы туралы ашылатын ақпарат көлеміне және осы платформалар арқылы инвестициялауға рұқсат етілген инвесторлар тобын шектеуге (тек білікті инвесторлар мен жеткілікті қаржылық сауаттылыққа ие және өз капиталымен тәуекелге баруға дайын адамдар) назар аудара отырып, краудфандингтік платформаларды реттеуді жақсарту мақсатында қолданыстағы қағидаларға өзгерістер жобасын әзірлеуде.
AFSA миссиясы – қаржы қызметтері мен өнімдерін пайдаланушыларды қорғау, АХҚО-да қаржы нарықтарының тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан мен өңір экономикасының тұрақты өсіміне ықпал ететін Орталықтың одан әрі дамуына жәрдемдесу.
AFSA қауіпсіз әрі ашық қаржылық ортаны құра отырып, өз миссиясын тиімді орындау үшін бар күш-жігерін салады. Сонымен қатар, краудфандинг қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, оның жоғары тәуекелдермен байланысты екенін атап өту қажет. Бұл инвесторлардан негізделген шешімдер қабылдау және ықтимал шығындарды азайту үшін жоғары хабардарлық пен зейінді талап етеді. AFSA инвесторларға жобаларды мұқият талдауға, өздерінің тәуекелге дайындық деңгейіне сәйкес келетін жобаларға ғана қатысуға, сондай-ақ ықтимал шығындарды азайту үшін инвестицияларын әртараптандыруға кеңес береді.
Анықтама үшін:
Анықтама ретінде:
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 80-нен астам елден 3700-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45