AFSA АЖ/ТҚҚ бойынша реттеу базасына өзгерістер енгізді
Өзгерістер қағидаларды практикада қолдану нәтижесінде және АХҚО қатысушыларының көптеген сұраулары мен соңғы жылдары жүргізілген инспекциялар нәтижелеріне, тақырыптық шолуларға жасалған талдаудың нәтижесінде пайда болған түсініксіздіктерді жойып, қажетті түсіндірулерді енгізу арқылы қолданыстағы нормаларды жетілдіру мақсатында мұқият әзірленді.
Бұл түзетулердің негізін АХҚО-ның Ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл және санкциялар мәселелері жөніндегі қағидаларындағы (АЖ/ТҚҚ қағидалары) өзгерістер құрайды:
- АЖ/ТҚҚ қағидаларына жаңа қосымшада «санкцияларды бұзу»[1], «бақылау тізбесі»[2] (бақылауға жататын объектілердің тізімі), «жоғары тәуекел аймағы болып саналатын географиялық аймақ (мемлекет немесе аумақ)»[3] сияқты нақты қысқартулар мен анықтамалар бар.
- «Тиісті тұлға»[4] (Relevant Person), «ақшаны жылыстатумен күресетін маман[5] (MLRO)» және «Өз жұмыскеріңізді біліңіз»[6] (know Your Employee) сияқты негізгі анықтамалар нақтыланды.
- Бұдан басқа, АЖ/ТҚҚ жөніндегі практикалық нұсқаулыққа сілтемеде АХҚО-да сақталатын экономикалық және қаржылық біржақты санкциялардың режимдері (БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкцияларынан басқа)[7] көрсетіледі.
Өзгерістер сонымен қатар клиенттердің тәуекелдерін бағалауға және клиенттерді тиісті тексеруге (КТТ) байланысты процестерді жақсарта отырып, тәуекелге бағдарланған тәсілді қолданудың егжей-тегжейлі сипаттамасына айтарлықтай нақтылау енгізеді:
- КТТ-ны тұрақты мониторингтеу үшін үшінші тұлғаларды тартуға тікелей тыйым[8] салынуын атап өткен жөн, бұл АХҚО қатысушыларының жауапкершілігін күшейтеді.
- Бұдан басқа, есептілікті ұсыну міндеттемелерінің ашықтығын арттыруға ықпал ете отырып, күдікті[9] және шекті[10] операциялар туралы есептерді ұсынуға қатысты қосымша түсініктемелер енгізілді.
Түзетулер сонымен қатар ақшаны жылыстатумен күресетін маман (MLRO) лауазымының тиімділігін және осы лауазымның компанияның жоғары басшылығынан тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған:
- Қайта қаралған анықтамаға сәйкес, бұл лауазымдағы қызметкер заңсыз ықпалдан немесе мүдделер қақтығысынан тыс жағдайда жұмыс істеуі керек. Осылайша, MLRO бизнес иесінің, акционердің немесе бас директордың/атқарушы басшылықтың рөлін біріктірмеуі керек.
- MLRO функциялары жоғары басшылықтың функцияларымен қиылысатын компаниялар жаңа талаптарға сай келуді қамтамасыз етуі үшін алты айлық өтпелі кезең беріледі. Бұл шара олардың негізгі сақтық шараларын қолдана отырып, жаңа талаптарға сай келуіне жеткілікті уақыт береді.
Бұдан басқа, АЖ/ТҚҚ жөніндегі практикалық нұсқаулықты, Ішкі бақылау қағидалары жөніндегі нұсқаулықты және Клиенттерді тиісті тексеру жөніндегі нұсқаулықты қоса алғанда, бірқатар басшылыққа алатын құжаттарға тиісті өзгерістер енгізілді[11]:
- Бұл құжаттар тәуекелдерді бағалау (скоринг) және бизнес-тәуекелдерді бағалау, клиенттер тәуекелдерінің профилдері, КТТ, сыртқы консультанттарды тарту, MLRO және т.б. жөнінде түсіндірмелерді енгізу мақсатында қайта қаралды.
- Жаңартулар түбегейлі жаңа міндеттемелерді енгізбестен талаптарды сақтау рәсімін жеңілдету мақсатында әзірленді, бұл AFSA-ның реттеуші талаптарды сақтаудың практикалық және тиімді ортасын құруға деген бейілдігін растайды.
Қорыта келгенде, бұл түзетулердің бәрі заңнамалық базаны үздік халықаралық практикалармен сәйкестендіру үшін қызмет етеді және АХҚО-дағы АЖ/ТҚҚ шараларын жетілдіреді. AFSA әлі де заңнаманы сақтаудың сенімді мәдениетін қалыптастыру идеясына адал және барлық мүдделі тараптарды қазір AFSA сайтында қолжетімді жаңартылған құжаттармен танысуға шақырады.
Тиісті өзгерістер АХҚО-ның Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі практикалық нұсқаулығына («практикалық нұсқаулық»); «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық мониторинг субъектілері (Тиісті тұлғалар) үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қолданылатын нұсқаулыққа (талаптар) («Ішкі бақылау қағидалары жөніндегі нұсқаулық»); «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық мониторинг субъектілері үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында олардың клиенттерімен іскерлік қатынастар қашықтан орнатылған жағдайларда клиенттерді тиісінше тексеруге қойылатын талаптарға (нұсқаулық); АХҚО-ның жалпы қағидаларына және АХҚО-ның ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі қағидаларына енгізілді.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 80-нен астам елден 3500-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45
[1] Санкцияларды бұзу – бұл ЕО, АҚШ немесе Ұлыбритания санкцияларын бұзуға, олардан жалтаруға немесе айналып өтуге бағытталған әрекет. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АЖ/ТҚҚ қағидаларына 1-қосымшада табуға болады.
[2] Бақылау тізбесі – бұл оларға қатысты ерекше назар аударылуы және тиісті әрекеттер қолданылуы керек адамдар, ұйымдар және елдер туралы ақпарат жиынтығы. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АЖ/ТҚҚ қағидаларына 1-қосымшада табуға болады.
[3] Тәуекелі жоғары географиялық аймақтарға ФАТФ АЖ/ТҚҚ саласында стратегиялық кемшіліктері бар деп айқындаған елдер; БҰҰ, ЕО, АҚШ немесе Ұлыбритания санкциялар салған немесе осыған ұқсас шаралар қолданған елдер; сыбайлас жемқорлыққа бейім юрисдикциялар; террористік әрекеттермен байланысты елдер; және белгілі салық паналары жатады. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АЖ/ТҚҚ қағидаларына 1-қосымшада табуға болады.
[4] Тиісті тұлғаның анықтамасы енді ресми түрде Финтех зертханасының қатысушыларын қамтиды. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы AIFC глоссарийінде және АЖ/ТҚҚ қағидаларының 1.2.(а) қағидаларында табуға болады.
[5] MLRO-ның жаңа анықтамасы бұл функция тек қана және Комплаенс-офицер берген арнайы функция ретінде орындалатын нұсқаларды ұсынады. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АЖ/ТҚҚ қағидаларының 113.1.1. қағидаларында табуға болады.
[6] «Өз жұмыскеріңізді біліңіз» қызметкерлерді жалдау кезінде жоғары стандарттарды қамтамасыз ету үшін барабар тексеру рәсімдерін қарастырады. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АЖ/ТҚҚ қағидаларына 1-қосымшада табуға болады.
[7] Мұндай режимдерге ЕО, АҚШ және Ұлыбритания енгізген біржақты санкциялар жатады. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АЖ/ТҚҚ жөніндегі практикалық нұсқаулықтың 8.4-бөлімінен табуға болады.
[8] Тиісті тұлға АЖҚ және санкциялар мәселелері бойынша өз клиенттері мен контрагенттерінің КТТ тұрақты мониторингі рәсімдерін қамтамасыз ету үшін үшінші тұлғаларға сүйенбеуге тиіс. Толығырақ ақпаратты АЖ/ТҚҚ қағидаларының 9.1.7. қағидаларында табуға болады.
[9] Күдікті операциялар туралы есеп – бұл тиісті тұлғалар күдікті әрекеттер немесе күдікті операциялар туралы Қаржы мониторингі агенттігіне берген белгіленген форматтағы есеп. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген және ресми анықтаманы AIFC глоссарийінен табуға болады.
[10] Шекті операция туралы есеп – бұл белгіленген шектерден асатын операция туралы есеп. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ресми анықтаманы АЖ/ТҚҚ қағидаларының 13.7.2. қағидаларында табуға болады.
[11] АХҚО реттеушілік базасына қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі практикалық нұсқаулық («практикалық нұсқаулық»); Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында «Астана» халықаралық орталығының қаржы мониторингі субъектілері (тиісті тұлғалар) үшін ішкі бақылау қағидаларына қолданылатын нұсқаулық (талаптар); қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары (тиісті тұлғалар) клиенттермен қашықтан іскерлік қарым-қатынас орнататын жағдайда клиенттерді тиісті тексеруге қолданылатын басшылық (талаптар) («КТТ жөніндегі нұсқаулық»).