AFSA АХҚО-да капитал нарығын, цифрлық активтерді және краудфандингті реттеуге өзгерістер енгізеді

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) АХҚО-дағы капитал, цифрлық активтер және краудфандинг нарығын реттеуді қамтитын үш негізгі бағыт бойынша реттеу базасына өзгерістер енгізеді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін өзгерістер 2025 жылғы 21 шілде мен 15 қыркүйек аралығында жүргізілген жария консультациялардың нәтижелерін ескере отырып пысықталды және бекітілді. Енгізілген өзгерістер АХҚО реттеу базасының тиімділігін, теңгерімділігін және халықаралық стандарттарға сәйкестігін арттыруға бағытталған. Олар қадағалау практикасы, нарық қатысушыларымен тұрақты өзара іс-қимыл, халықаралық тәжірибені талдау, сондай-ақ консультациялық кезең барысында алынған түсініктемелер мен ұсыныстар негізінде қалыптасқан қорытындыларды көрсетеді.

Ашықтықты арттыру және тиімдірек консультация процесін енгізу аясында AFSA алғаш рет аталған өзгерістер бойынша кері байланыс есептерін (Feedback Statements) жариялау тәжірибесін енгізеді. Мұндай есептер нарық қатысушылары көтерген негізгі мәселелер мен тақырыптарды, алынған түсініктемелер мен ұсыныстар бойынша AFSA ұстанымын және олардың өзгерістерді аяқтау кезінде қалай ескерілгенін көрсетеді. Қабылданған шешімдердің негіздемесін және нарық қатысушыларының оларды қалыптастырудағы рөлін түсіндіретін кері байланыс есептері ашықтықты арттыруға, сенімді нығайтуға ықпал етеді және AFSA-ның нарықпен ашық және тұрақты диалогқа деген бейілдігін растайды.

  1. АХҚО-да капитал нарығын реттеудегі өзгерістер

АХҚО-дағы капитал нарығын реттеудегі өзгерістер бағалы қағаздарды орналастыру, корпоративтік басқару және ақпаратты ашу мәселелерін қозғайды, капитал нарығын одан әрі дамытуға ықпал етеді және оны реттеудің қазіргі заманғы тәсілдеріне сәйкестікті қамтамасыз етеді. Негізгі өзгерістер мыналарды қамтиды:

  • корпоративтік басқару талаптарын үлестік бағалы қағаздар эмитенттеріне ғана қолдану;
  • уәкілетті нарық институтына мүшеліктің рұқсат етілген санаттарын кеңейту;
  • клиенттердің жіктемесін АХҚО-ның Жалпы реттеу базасына сәйкес келтіру;
  • проспектіде ақпаратты ашуға қойылатын талаптарды жетілдіру және листинг рәсімдерінің тиімділігін арттыру;
  • байланысты тарапты анықтау мақсаттары үшін шекті мәнді арттыру және «жабық кезең» ұғымын қайта қарау;
  • ауыстырылатын бағалы қағаздар (fungible securities) үшін проспекті дайындау жөніндегі талаптардан босату шегін ұлғайту.

Жария консультациялардың қорытындысы бойынша AFSA қосымша өзгерістер енгізді, соның ішінде:

  • кросс-листинг және қосарлы листинг мүмкіндіктерін кеңейту үшін проспекті дайындау талаптарынан босату өлшемшарттарын өзгерту;
  • Қазақстан Республикасында тіркелген эмитенттер үшін сот және өзге де процестік құжаттарды тапсыру үшін агент тағайындау туралы талаптың күшін жою.

Өзгерістердің күшіне ену күні – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап.

АХҚО нарығының қағидалары, АХҚО лицензияланған нарықтық институттарына арналған қағидалар және АХҚО глоссарийі тиісті өзгерістермен AIFC және AFSA веб-сайттарында қолжетімді.

Жария консультациялар нәтижелері бойынша кері байланыс есебі мына жерде қолжетімді: Feedback Statement On Consultation Paper AFSA-P-CE-2025-0001 Amendments to the AIFC Capital Market Framework.

  1. АХҚО цифрлық активтерін реттеудегі өзгерістер

Цифрлық активтерді реттеуді жетілдіру шеңберінде AFSA цифрлық активтермен байланысты қызмет түрлерін реттеудің қолданыстағы тәсілін талдады, оның қорытындысы бойынша цифрлық активтерге қатысты қызметті жүзеге асыратын барлық ұйымдар АХҚО-ның цифрлық активтермен қызмет жүргізу туралы қағидаларына сәйкес цифрлық активтер саласындағы қызметтерді жеткізушілер (Digital Asset Service Providers, DASPs) болып табылатыны нақтыланды. Бұл ретте корпоративтік басқару және технологиялар саласындағы жекелеген талаптарды қолдану енді ұйымдардың цифрлық активтерге иелік етуіне немесе оларды бақылауды жүзеге асыруына немесе таратылған тізілім (DLT) технологияларын пайдалануына байланысты болады.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнаманы қолдану практикасын және жария консультациялар барысында алынған кері байланысты ескере отырып, өзгерістерге мыналар да кіреді:

  • цифрлық активтер нарығының операторлары үшін (Digital Asset Trading Facility, DATF) капиталға қойылатын талаптарды қайта қарау;
  • DATF-қа мүшеліктің рұқсат етілген санаттарын кеңейту;
  • цифрлық активтерді сауда-саттыққа жіберу кезінде хабарлама бойынша талаптарды қайта қарау;
  • Қызметті жүргізу қағидаларын, Мүшелік қағидаларын және Сауда-саттыққа қатысуға рұқсат беру қағидаларын Қызметті жүргізу қағидаларының бірыңғай жиынтығына шоғырландыру;
  • DATF операторларына негізгі сипаттамалар туралы құжатқа «ақ қағаз» сілтемесі арқылы қосу мүмкіндігін беру;
  • кәсіби клиенттің мәртебесін (Assessed Professional Client) анықтау мақсатында клиенттің таза активтерін есептеу кезінде цифрлық активтерді қосу үшін шекті 50%-ға дейін ұлғайту.

Өзгерістердің күшіне ену күні – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап.

Тиісті өзгерістері бар АХҚО-ның цифрлық активтермен қызмет жүргізу туралы қағидалары және АХҚО глоссарийі AIFC C және AFSA веб-сайттарында қолжетімді.

Жария консультациялар нәтижелері бойынша кері байланыс есебі мына жерде қолжетімді: Feedback Statement On Consultation Paper AFSA-P-CE-2025-0002 Amendments to the AIFC Digital Assets Framework.

  1. АХҚО-да краудфандингті реттеудегі өзгерістер

Краудфандингті реттеудегі өзгерістер негізгі реттеуші және операциялық мәселелерді шешуге, инвесторларды қорғауды күшейтуге, сондай-ақ АХҚО-да краудфандинг секторының ашықтығы мен адалдығын арттыруға бағытталған. Негізгі өзгерістерге мыналар жатады:

  • қарыз алушылар мен эмитенттерді кешенді тексеруге қойылатын талаптарды күшейту;
  • дефолттар, мерзімі өткен төлемдер және міндеттемелерді орындамау жағдайлары бөлігінде реттеуді жетілдіру;
  • дефолтқа жол берген қарыз алушылар үшін жаңа ұсыныстарды орналастыруды шектеу;
  • кредит қабілеттілігін бағалау немесе рейтинг нәтижелерін ашу;
  • бөлшек клиенттер үшін қарыздар мен инвестициялар бойынша жаңа жылдық лимиттерді енгізу;
  • тәуекелдерді ашуды жақсарту есебінен инвесторлардың қаржылық сауаттылығы мен хабардар болу деңгейін арттыру;
  • қарыздарды қайта құрылымдау туралы ақпаратты ашуға қойылатын талаптарды енгізу;
  • клиенттердің жіктемесін АХҚО-ның жалпы реттеу базасына сәйкес келтіру.

Жария консультациялар кезінде AFSA көптеген пікірлер алды, бұл бірқатар түзетулерге, соның ішінде тексеру талаптарының (due diligence) кейбір өзгерістеріне, дефолттарды реттеу тәсілдеріне, кешіктірілген төлемдер және дефолт жағдайлары бойынша өзгерістер және қосымша нақтылау енгізуге алып келді. Бұдан басқа, краудфандингке қатысудың бөлшек клиентке сәйкес келетіндігін бағалау үшін бастапқыда ұсынылған талап алынып тасталды. Сонымен қатар, консультациялардың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған краудфандингтік платформалар үшін AFSA сонымен қатар ішкі процестерге қажетті өзгерістер мен түзетулер енгізуге жеткілікті уақытты қамтамасыз ету мақсатында өтпелі кезеңді қарастырды.

Күшіне ену күні – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, бұл ретте жұмыс істеп тұрған краудфандингтік платформалар үшін алты айлық өтпелі кезең көзделген.

АХҚО-ның лицензияланған нарықтық институттарына арналған қағидалар, АХҚО-да қызметті жүргізу қағидалары және АХҚО-ның жалпы қағидалары тиісті өзгерістермен AIFC және AFSA веб-сайттарында қолжетімді.

Жария консультациялар нәтижелері бойынша кері байланыс есебі мына жерде қолжетімді: Feedback Statement On Consultation Paper AFSA-P-CE-2025-0003 Amendments to the AIFC Crowdfunding Framework.

 

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚОның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 90 елден 4800-ға жуық қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. afsa.aifc.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикцияwww.aifc.kz  

 

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]