AFSA босатылмаған қорлардың басқарушылары үшін өтпелі кезең енгізілгенін хабарлайды

Астана халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) босатылмаған қорлардың (Non-Exempt Funds) жергілікті басқарушыларына қор әкімшісін тағайындау үшін өтпелі кезең енгізілгенін хабарлайды. 

АХҚО-ның Ұжымдық инвестициялық схемалар туралы қағидаларының (AIFC Collective Investment Scheme Rules) 8.2(a)-тармағына белгілі бір санаттағы тұлғаларға қолданылатын өзгеріс (class modification) енгізілуіне сәйкес, аталған басқарушылар 2027 жылғы 31 шілдеге дейін жылжымайтын мүлікке инвестиция салатын трасттарды (Real Estate Investment Trusts) қоспағанда, босатылмаған қорларды жеке қор әкімшісін міндетті түрде тағайындамай-ақ басқара алады. Өтпелі кезең ішінде қорды әкімшілендіру функцияларын қор басқарушысының өзі жүзеге асыра алады. 2027 жылғы 31 шілдеден бастап қорды басқару және қорды әкімшілендіру функциялары қолданыстағы реттеушілік талаптарға сәйкес бөлек жүзеге асырылуға тиіс. 

АХҚО-ның Ұжымдық инвестициялық схемалар туралы қағидаларына сәйкес, босатылмаған қорлар AFSA талаптарына сәйкес келетін жарамды кастодианды (Eligible Custodian) және қор әкімшісін (Fund Administrator) тағайындауға міндетті. Бұл ретте жарамды кастодианды тағайындау жөніндегі талап өзгеріссіз қалады. 

Бұған дейін AFSA жеке қор әкімшісін тағайындау талабынан босату туралы өтініштерді әрбір жағдай бойынша жеке қарастырып келген. АХҚО-да қорларды әкімшілендіру қызметтері нарығының дамуына байланысты AFSA бұл тәсілді барлық жергілікті қор басқарушыларына бірдей шарттармен қолданылатын бірыңғай өтпелі тәртіппен алмастырды. 

Өтпелі кезең ішінде жеке қор әкімшісі тағайындалмаған қордың басқарушысы: 

  1. Қорды әкімшілендіру функцияларын дербес орындауға және бұл функциялардың қордың инвестициялық портфелін басқару қызметінен тәуелсіз жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге; 
  1. Қор проспектісінде әкімшілендіру функцияларын қор басқарушысының өзі орындайтынын, сондай-ақ қордың 2027 жылғы 1 тамызға дейін жеке қор әкімшісін тағайындауға міндетті екенін көрсетуге; 
  1. 2027 жылғы 31 наурыздан кешіктірмей AFSA-ға тағайындауды жоспарлап отырған қор әкімшісі және оны тағайындаудың болжамды күні туралы жазбаша хабарлауға міндетті. 

Белгілі бір санаттағы тұлғаларға қолданылатын өзгеріс (class modification) уақытша сипатқа ие және оның қолданылу мерзімі ұзартылмайды немесе қайта жаңартылмайды. AFSA босатылмаған қорлар үшін қор әкімшісін тағайындау талабынан қосымша босатулар беруді немесе аталған талапқа одан әрі өзгерістер енгізуді жоспарлап отырған жоқ. 

2027 жылғы 1 тамыздан бастап AFSA талаптарына сәйкес келетін қор әкімшісінсіз босатылмаған қорларды басқаруды жалғастыратын қор басқарушыларына қатысты AFSA қадағалау шараларын, ал қажет болған жағдайда құқық қолдану шараларын қабылдайды. 

Белгілі бір санаттағы тұлғаларға қолданылатын өзгеріс (class modification) туралы хабарламамен мына сілтеме арқылы танысуға болады. 

 

Анықтама үшін:  

 АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz      

 «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz     

 AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]