AFSA және Грузия Ұлттық банкі қаржы нарықтарына өзара қолжетімділікті кеңейту мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

9 қыркүйекте АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) мен Грузия Ұлттық банкі қаржылық қызметтер саласындағы өзара қолжетімділік пен тану мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Astana Finance Days 2026 форумы аясында қол қойылды. 

Меморандум «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Грузияның қаржы нарықтары арасында қаржылық қызметтердің жекелеген бағыттары бойынша өзара қолжетімділікті дамытуға бағытталған неғұрлым тығыз реттеушілік ынтымақтастық үшін негіз қалыптастырады. Келісім капитал нарықтарындағы және активтерді басқару саласындағы қызметті қамтиды, сондай-ақ қаржылық қызметтерді трансшекаралық көрсету және бағалы қағаздарды листингке енгізу саласындағы ынтымақтастыққа негіз қалайды. 

Меморандум аясында AFSA мен Грузия Ұлттық банкі әрбір юрисдикцияның заңнамалық және реттеушілік талаптарын ескере отырып, белгіленген талаптарға сәйкес келетін нарық қатысушылары үшін өзара қолжетімділіктің практикалық тетіктерін әзірлеуді көздейді. Бұл жұмыс екі реттеуші арасындағы қадағалау және ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту арқылы қолдау табады, бұл қаржы нарықтарына трансшекаралық қолжетімділікті кеңейту кезінде тиісті реттеушілік бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Келісім реттеушілер арасындағы көпжылдық ынтымақтастықты одан әрі дамытады. Тараптар алғаш рет 2018 жылы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, реттеу және ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастықтың негізін қалады. Жаңа меморандум әріптестікті дамытудың келесі кезеңі болып табылады және АХҚО мен Грузияның қаржы нарықтары арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған практикалық тетіктерге көшуді көздейді. 

Евгения Богданова, AFSA бас директоры: «Өңірлік қаржылық интеграция реттеушілер арасындағы ынтымақтастық нарық қатысушылары үшін нақты мүмкіндіктер қалыптастырған кезде шынайы мәнге ие болады. Грузия Ұлттық банкімен жасалған келісім — осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам. Сенімді реттеу және қадағалау стандарттарын сақтай отырып, нарықтарымыз арасындағы тиімді өзара қолжетімділікті қалыптастыру бағытында жұмыс істей отырып, біз қаржы ұйымдары мен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, сондай-ақ халықаралық капитал үшін тартымды Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың өзара байланысқан инвестициялық кеңістігін қалыптастыруға негіз қалауға ұмтыламыз», – деп атап өтті. 

Екатерина Микабадзе, Грузия Ұлттық банкінің бірінші вице-президенті: «Бұл меморандум Грузия Ұлттық банкі мен АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Қаржылық қызметтерді трансшекаралық көрсетуді дамытуға және реттеу мен қадағалау саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға негіз қалыптастыра отырып, Меморандум екі юрисдикциядағы қаржы ұйымдары мен нарық қатысушылары үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге, сондай-ақ трансшекаралық инвестициялар көлемінің артуына ықпал етуге бағытталған. Сонымен қатар, нарықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты нығайту олардың неғұрлым тығыз ықпалдасуына, сондай-ақ өңірдегі капитал нарықтарының орнықты дамуы мен одан әрі тереңдеуіне ықпал ете алады», — деді. 

Құжатқа AFSA ұйымдастырған «Фрагментациядан интеграцияға: қаржы нарықтарын нығайту жолындағы өңірлік ынтымақтастық» атты жоғары деңгейдегі өңірлік дөңгелек үстел аясында қол қойылды. Іс-шара Astana Finance Days 2026 форумы шеңберінде өтті. Дөңгелек үстел Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және басқа да юрисдикциялардан қаржылық реттеу органдары мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктіріп, реттеушілік ынтымақтастықтың практикалық тәсілдерін, қаржы нарықтары арасындағы трансшекаралық байланыстарды дамыту және қаржылық интеграция мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. 

Меморандум AFSA-ның халықаралық реттеушілік ынтымақтастыққа қатысты кең ауқымды тәсілін көрсетеді. Бұл тәсілде тиімді қадағалау мен тиісті қорғау шараларын сақтай отырып, трансшекаралық қызметті дамытуға ықпал ететін практикалық тетіктерге барған сайын көбірек көңіл бөлінуде. 

 

Анықтама үшін: 

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz 

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, pr@afsa.kz