AFSA Verum Payments Limited компаниясына айыппұл салды
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) жүргізген тергеу барысында анықталған және тараптардың келісімі арқылы реттелген реттеушілік талаптарды бұзуға байланысты Verum Payments Limited компаниясына («Компания») қаржылық санкция қолданды.
Анықталған бұзушылықтарды реттеу нәтижесінде Verum Payments Limited компаниясына 21 854 АҚШ доллары мөлшерінде айыппұл салынды.
Компания AFSA жасаған қорытындыларды мойындап, AFSA белгілеген мөлшердегі қаржылық санкцияны қабылдау арқылы мәселені реттеуге келісті. Сонымен қатар Компания анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында түзету шараларын енгізу бойынша белсенді қадамдар жасады. Осыған байланысты AFSA өзінің Құқық қолдану саясатының (AFSA Enforcement Policy) 7.7.1-тармағына сәйкес айыппұл сомасына 30% мөлшерінде жеңілдік беру құқығын пайдаланды. Жоғарыда көрсетілген айыппұл мөлшері аталған жеңілдікті ескере отырып есептелген.
Бұзушылықтардың қысқаша сипаттамасы
Verum Payments Limited компаниясы авторизация алғаннан кейін орындалуға тиіс міндетті шарттарды толық орындамай тұрып реттелетін қызметті (Regulated Activity) жүзеге асырған және қаржылық жарнамалауды (Financial Promotions) жүргізген.
AFSA жүргізген тергеу нәтижесінде Verum Payments Limited компаниясы анықталған бұзушылықтарды жоюға және олардың қайталануына жол бермеуге бағытталған кешенді іс-қимыл жоспарын әзірледі.
Келісім нәтижелерін жариялау
Осы құқық қолдану ісі реттелген кезде AFSA-ның Құқық қолдану саясаты (AFSA Enforcement Policy) келісім арқылы реттелген істер бойынша Шешім туралы хабарламаларды (Decision Notices) міндетті түрде жариялауды талап етпеген.
Кейіннен AFSA өз қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында барлық құқық қолдану өндірістерінің нәтижелерін жариялауды көздейтін жаңартылған тәсілді енгізді.
Аталған іс ақпаратты жариялаудың жаңартылған тәртібіне көшу кезеңінде тергеліп, реттеліп және аяқталғандықтан, ол жариялауды талап етпеген бұрынғы тәртіпке сәйкес қаралды. Осыған байланысты бұл іс бойынша Шешім туралы хабарлама (Decision Notice) жарияланбайды.
Осыған орай AFSA халықаралық деңгейде мойындалған стандарттар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тәжірибеге сәйкес қабылданған құқық қолдану шаралары туралы ақпаратты жария түрде ашудың жеткілікті әрі тиісті тәсілі ретінде осы баспасөз хабарламасын жариялауды орынды деп санайды.
Болашақта AFSA құқық қолдану шараларының нәтижесінде қабылданатын Шешім туралы хабарламалар (Decision Notices) AFSA Құқық қолдану саясатының (AFSA Enforcement Policy) 7.5.1 және 8.3.1-тармақтарына сәйкес жарияланатын болады.
AFSA Компанияның АХҚО реттеушілік талаптарын тұрақты түрде сақтауын қамтамасыз ету мақсатында түзету шараларын іске асыру барысын бақылауды жалғастырады.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]