AFSA Veritas Group Limited және S1LK PAY Ltd. компанияларына айыппұл салды

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) жүргізген тергеулер барысында анықталған және тараптардың келісімі арқылы реттелген реттеушілік талаптарды бұзуға байланысты Veritas Group Limited және S1LK PAY Ltd. компанияларына (бұдан әрі жеке-жеке — «Компания», бірге — «Компаниялар», олардың бір топқа кірмейтіні атап өтіледі) қаржылық санкциялар қолданды.

Тиісті бұзушылықтарды реттеу нәтижесінде AFSA Veritas Group Limited компаниясына 18 072 АҚШ доллары, ал S1LK PAY Ltd. компаниясына 19 224 АҚШ доллары мөлшерінде айыппұл салды.

Әрбір Компания бір-бірінен тәуелсіз түрде AFSA жасаған қорытындыларды мойындап, AFSA белгілеген мөлшердегі қаржылық санкцияны қабылдау арқылы тиісті істі реттеуге келісті. Сонымен қатар әрбір Компания анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында түзету шараларын енгізу бойынша белсенді қадамдар жасады. Осыған байланысты AFSA өзінің Құқық қолдану саясатының (AFSA Enforcement Policy) 7.7.1-тармағына сәйкес айыппұл сомасына 30% мөлшерінде жеңілдік беру құқығын пайдаланды. Жоғарыда көрсетілген айыппұл мөлшерлері аталған жеңілдікті ескере отырып есептелген.

Бұзушылықтардың қысқаша сипаттамасы

Тиісті кезең ішінде Veritas Group Limited компаниясы AFSA берген тиісті лицензияға ие болмай тұрып, АХҚО-ның реттеушілік базасына сәйкес авторизацияны талап ететін қызметті жүзеге асырған. Сонымен қатар Компания қолданыстағы реттеушілік талаптарды бұза отырып қаржылық жарнамалауды (Financial Promotions) жүргізген. AFSA талаптарына сәйкес Компания барлық рұқсат етілмеген қызметін тоқтатып, онымен байланысты барлық жарнамалық және маркетингтік материалдарды кері қайтарып алды.

S1LK PAY Ltd. компаниясына қатысты жүргізілген тергеу барысында қолданыстағы АХҚО құқығында (Acting Law of the AIFC) белгіленген реттеушілік талаптар мен Негізгі қағидаттардың (Fundamental Principles) тұрақты сақталуын қамтамасыз етуге қатысты ішкі бақылау және басқару жүйесіндегі жекелеген кемшіліктер анықталды. S1LK PAY Ltd. AFSA-мен ынтымақтастық орнатып, анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі.

Келісім нәтижелерін жариялау

Осы құқық қолдану істері реттелген кезде AFSA-ның Құқық қолдану саясаты (AFSA Enforcement Policy) келісім арқылы реттелген барлық істер бойынша Шешім туралы хабарламаларды (Decision Notices) міндетті түрде жариялауды талап етпеген.

Кейіннен AFSA өз қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында барлық құқық қолдану өндірістерінің нәтижелерін жариялауды көздейтін жаңартылған тәсілді енгізді.

Аталған екі іс те ақпаратты жариялаудың жаңартылған тәртібіне көшу кезеңінде тергеліп, реттеліп және аяқталғандықтан, олар жариялауды талап етпеген бұрынғы тәртіпке сәйкес қаралды. Осыған байланысты бұл істер бойынша Шешім туралы хабарламалар (Decision Notices) жарияланбайды.

Осыған орай AFSA халықаралық деңгейде мойындалған стандарттар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тәжірибеге сәйкес қабылданған құқық қолдану шаралары туралы ақпаратты жария түрде ашудың жеткілікті әрі тиісті тәсілі ретінде осы баспасөз хабарламасын жариялауды орынды деп санайды.

Болашақта AFSA құқық қолдану шараларының нәтижесінде қабылданатын Шешім туралы хабарламалар (Decision Notices) AFSA Құқық қолдану саясатының (AFSA Enforcement Policy) 7.5.1 және 8.3.1-тармақтарына сәйкес жарияланатын болады.

AFSA әрбір Компанияның АХҚО реттеушілік талаптарын тұрақты түрде сақтауын қамтамасыз ету мақсатында түзету шараларын іске асыру барысын бақылауды жалғастырады.

 

Анықтама үшін: 

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]