Реттеуді дамыту және қадағалау нәтижелері: AFSA 2025 жылғы жұмысының есебін жариялады

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (АХҚО Комитеті, AFSA) 2025 жылға арналған жылдық есебін жариялады. Есепте есепті кезеңдегі реттеуді дамыту және қадағалау қызметінің негізгі нәтижелері, сондай-ақ институционалдық жетістіктер баяндалған. Есепте AFSA-ның «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аясында нарықтың тұтастығын сақтау, инвесторларды қорғау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударуды жалғастырып отырғаны, сондай-ақ тәуекелдерді бағалауға негізделген және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ашық нормативтік-құқықтық базаны дамыту арқылы нарықтың жауапты өсуін қолдайтыны атап өтілген. 

AFSA бас атқарушы директоры Евгения Богданова«2025 жыл біз үшін институционалдық базаны нығайту, орнықтыру және AFSA мен біздің нарықтарымызға деген халықаралық сенім артқан жыл болды. Алдағы уақытта да AFSA тұрақты реттеу, тиімді қадағалау және нарықпен ашық өзара іс-қимыл арқылы сенімді нығайтуға бейілді болып қала береді. Біз АХҚО дамуының келесі кезеңіне сеніммен, жауапкершілікпен және айқын мақсаттарымызбен қадам басып отырмыз», – деп атап өтті. 

Есепте AFSA-ның нарықтың әртүрлі секторларындағы (капитал нарықтары, активтерді басқару, цифрлық активтер, банк ісі және сақтандыру) және реттеуші функцияларындағы (тіркеу, авторизациялау, қадағалау, құқық қолдану, реттеуді дамыту және халықаралық ынтымақтастық) қызметіне жан-жақты шолу ұсынылған. Бұл реттеушінің ашық, болжамды әрі сенімді нормативтік-құқықтық ортаны қолдауға бейілдігін көрсетеді. 

Тіркеу 

2025 жылы AFSA 1 467 жаңа компанияны тіркеді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 25%-ға артық. Нәтижесінде АХҚО қатысушыларының жалпы саны 91 елден келген 4 954 компанияға жетті, бұл Орталықтың халықаралық әртараптандырылуының жалғасып жатқанын көрсетеді. 2025 жылы орта есеппен аптасына 28 компания тіркеліп отырды, бұл АХҚО юрисдикциясына деген елеулі қызығушылықты білдіреді. 

Авторизациялау және қаржы секторының өсуі 

2025 жылы қаржы экожүйесіне қатысушылар саны өсуді жалғастырып, қаржылық қызмет көрсететін компанияларды, инвестициялық қорларды, танылған мекемелерді және FinTech Lab қатысушыларын қоса алғанда, 510 ұйымға жетті. 2025 жылы AFSA инвестициялық қызметке, атап айтқанда қорларды басқару, брокерлік қызметтер және консультациялық қызметтерге қызығушылық танытқан қаржылық қызмет көрсететін 29 компанияға лицензия берді. Лицензиялау талаптары тұрғысынан қаралғаннан кейін кейбір өтінімдер келесі кезеңге өтпей қалған жағдайлар да тіркелді. AFSA жоғары стандарттарды сақтау бағытындағы жұмысын жалғастыруда. 

Цифрлық активтер 

Цифрлық активтер секторы АХҚО-дағы нарықты дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. 2025 жылы Орталық юрисдикциясы IOSCO тарапынан криптовалюта және цифрлық активтер нарықтарына арналған жаһандық стандарттарды енгізген жетекші юрисдикциялардың бірі ретінде танылды. 

AFSA толық реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтер қызметтерін ұсынушы (ЦАҚҰ) 9 ұйымды қадағалауды жалғастырды, ал 19 ЦАҚҰ FinTech Lab шеңберінде жұмыс істеді. 2025 жылы ЦАҚҰ-лардың жалпы транзакциялар көлемі 10,58 млрд АҚШ долларын құрады, ал клиенттік база шамамен 215 мың пайдаланушыға жетті, бұл нарықтағы белсенділіктің айтарлықтай өскенін көрсетеді. 

FinTech Lab-тың «реттеуші құм алаңы» инновациялар үшін тиімді арна ретінде қызметін жалғастырып, компанияларға толық реттеу режиміне көшкенге дейін цифрлық активтер саласындағы шешімдерді тестілеу және ауқымдау үшін жағдай жасады. 

Активтер мен қорларды басқару 

2025 жылы АХҚО-дағы активтерді басқару секторы айтарлықтай өсті, бұл нарықтағы белсенділіктің артуын және инвесторлардың кәсіби басқарылатын инвестициялық құралдарға деген сұранысының ұлғаюын көрсетеді. Басқарудағы активтер көлемі (AUM) 5,4 млрд АҚШ долларынан асты, ал активтер мен қорларды басқарушы инвестициялық қорлар саны 71-ден 177-ге жетті. Бұл сектор АХҚО-дағы ең қарқынды дамып келе жатқан секторлардың бірі болып қалып отыр және хедж-қорлар, тікелей инвестициялар, венчурлық капитал және басқа да мамандандырылған қор құрылымдары сегменттеріндегі әртараптандырудың артып келе жатқанын көрсетеді. 

Капитал нарықтары 

Есепті кезең ішінде AFSA 7 нарық институтының, соның ішінде инвестициялық биржалардың, клирингтік палаталардың және краудфандинг платформаларының, сондай-ақ екі көпжақты сауда алаңының (MTF) қызметіне қадағалау жүргізді. Инвестициялық делдалдар нарығына AFSA лицензиялаған 30 брокер мен дилер, сондай-ақ AFSA таныған 55 шетелдік брокер мен дилер кірді. АХҚО реттеушісінің лицензиясы бар брокерлік-дилерлік фирмалардың балансындағы клиент активтері 10,1 млрд АҚШ долларына жетті, ал клиенттер саны 300 мыңнан асты. 

2025 жылы АХҚО-дағы жалғыз лицензияланған биржа операторы – Astana International Exchange Limited (AIX) 81,5 млрд АҚШ доллары көлеміндегі нарықтық капитализацияға және 2,1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі сауда айналымына қол жеткізді, сондай-ақ 215 жаңа орналастыру жүзеге асырылды. 

AFSA лицензиясын алған алғашқы көпфункционалды сауда платформасы (MTF) – International Trading System (ITS) акцияларды, депозитарлық қолхаттарды және биржалық қорларды қоса алғанда, саудаланатын құралдар санын 3 200-ден астамға дейін кеңейтті. Жалпы сауда көлемі 14 млрд АҚШ долларынан асты. 

Мұндай даму АХҚО капитал нарықтары экожүйесіндегі өтімділік пен әртараптандырудың артып келе жатқанын көрсетеді. 

Халықаралық танылу және ынтымақтастық 

AFSA жаһандық реттеуші органдармен халықаралық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырды. Жыл ішінде AFSA жаһандық және қазақстандық реттеушілер қауымдастығымен белсенді өзара іс-қимыл жасады: 15-тен астам конференцияға қатысты, стейкхолдерлермен өзара іс-қимыл бойынша, финтехке, цифрлық активтерге, капитал нарықтарына және ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды қадағалауға арналған 10-нан астам іс-шараны ұйымдастырды немесе оларға қатысуды қамтамасыз етті. 

2025 жылы AFSA IOSCO-ның Бағалы қағаздар мен тауарлар туралы халықаралық ескерту желісіне (I-SCAN) қосылды. Бұл – реттеуші органдарға инвестициялар саласындағы онлайн-алаяқтықпен және заңсыз қаржылық қызметпен күрес бойынша ақпарат алмасуға және іс-қимылдарды үйлестіруге мүмкіндік беретін жаһандық платформа. I-SCAN жүйесіне қатысу AFSA-ға өзінің жария ескертулерін жаһандық ескерту жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді және инвесторларды қорғау қабілетін арттырады. 

Есептің толық нұсқасы осы сілтеме бойынша қолжетімді. 

Анықтамалық ақпарат: 

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары мен нарық институттарын лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелері қамтылған. afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz 

AFSA жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті[email protected]