AFSA және Дубайдың Виртуалды активтерді реттеу басқармасы (VARA) цифрлық активтерді реттеу саласындағы ынтымақтастықты күшейту үшін Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) және Дубайдың Виртуалды активтерді реттеу басқармасы (VARA) Өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қойды. Бұл құжат тараптардың өз юрисдикцияларында цифрлық және виртуалды активтерге қатысты қызмет саласында ынтымақтастықты нығайтуға, өзара көмек көрсетуге және ақпарат алмасуға бағытталған.
Меморандум лицензиялау, қадағалау, құқық қолдану және комплаенс мәселелері бойынша екі реттеуші орган арасындағы өзара іс-қимылдың ресми негізін қалыптастырады. Құжат қаржылық қызметтердің қарқынды дамып келе жатқан саласында тиімді трансшекаралық реттеушілік ынтымақтастықты дамытуға деген AFSA мен VARA-ның ортақ ұмтылысын көрсетеді. Ол қадағалауды үйлестіруді қолдауға, реттеушілік тәжірибе мен үздік практикалармен алмасуға, сондай-ақ цифрлық активтер нарығының тұтастығын, ашықтығын және тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.
AFSA бас директоры Евгения Богданова:
«Біз цифрлық активтер үшін неғұрлым өзара байланысқан әрі үйлестірілген реттеуші ортаны қалыптастырып жатырмыз. VARA-мен әріптестігіміз реттеуші айырмашылықтарды азайтып, трансшекаралық өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде нарықтағы сенімді арттыруға ықпал етеді. Мұндай ынтымақтастық реттеудің тиімділігін арттырып қана қоймай, инновациялардың дамуына да серпін береді, нарық қатысушылары үшін әртүрлі юрисдикциялардағы талаптардың анықтығы мен үйлесімділігін қамтамасыз етеді».
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Ол «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және онымен байланысты қызмет түрлерін реттейді. АХҚО-ның ережелері мен қағидалары қаржылық компаниялар мен нарық институттарын лицензиялау, тіркеу, аккредитациялау және қадағалау мәселелерін қамтиды.
afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестициялар тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.
aifc.kz
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті,
[email protected]