AFSA реттеуші базаны дамытудың 2026 жылға арналған жоспарлары туралы хабарлайды
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) нарық қатысушыларын АХҚО-ның реттеу базасын дамыту жөніндегі 2026 жылға арналған жоспарлары, сондай-ақ реттеушілік дамудың 2027-2028 жылдарға арналған әлеуетті бағыттары туралы хабардар етеді.
АХҚО-ның реттеуші базасы нарықтың өсуі мен жетілуіне қарай дамып отырды. Бұл процесс тұрақты реттеуші негізді қалыптастыруды, сондай-ақ нарықтың өсуі мен әртараптандырылуын қолдауға бағытталған мамандандырылған реттеуші режимдерді енгізуді қамтыды.
AFSA қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып, сапаға, теңгерімділік пен қолданыстағы реттеуші режимдердің практикалық қолданылуына бағдарланған реттеуші базаны одан әрі дамытуды көздейді. Реттеуші база қадағалау тәжірибесі мен нарық қатысушыларының кері байланысын ескере отырып, итеративтік негізде жетіле түсуде, сондай-ақ жаңа халықаралық стандарттарға, жаһандық трендтерге және қалыптасып жатқан нарықтарға бейімделуде.
2026 жылы AFSA-ның реттеуші күн тәртібі келесі бағыттарға шоғырланады:
- Активтерді басқару. Мамандандырылған қорлар қызметінің мәселелерін, қорларды құрудың жаңа құрылымдары мен тәсілдерін, сондай-ақ қорлардың операциялық қызметіне және инвесторларды қорғауға байланысты практикалық мәселелерді қоса алғанда, активтерді басқару саласындағы қолданыстағы реттеуші базаны одан әрі жетілдіру.
- FinTech. FinTech Lab режимін оның тиімділігі мен өзектілігін арттыру, сондай-ақ жауапты инновацияларды қолдау және жаңа бизнес-модельдерді тестілеу мақсатында жетілдіру.
- Нақты түзетулер. Дәл өзгерістер әртүрлі қолданыстағы реттеуші режимдердегі анықталған олқылықтар мен тиімсіздіктерді жоюға бағытталатын болады. Алдын ала күн тәртібіне сақтандыру секторы мен исламдық қаржы енгізілген, бұл ретте басқа да бағыттар қамтылуы мүмкін.
- Нұсқаулықтар. Лицензиялар мен алымдардың кейбір ауыспалы компоненттерінің жиынтығы бөлігінде алымдар мәселелері жөнінде жаңа нұсқаулықты әзірлеу, сондай-ақ қолданыстағы АЖ/ТҚ бойынша нұсқаулықтарды жаңарту.
2027-2028 жылдар кезеңінде AFSA реттеуші базаны дамытудың бірқатар әлеуетті бағыттарын қарастыруда, бұл бағыттар қажеттілігіне қарай қайта қаралуы мүмкін. Олардың қатарында тану режимі (Recognition Framework) бойынша реттеуші базаға ықтимал өзгерістер, АХҚО-ның әртүрлі реттеуші режимдері шеңберінде мүшелікке өтуге және клиенттерге қойылатын талаптарды үйлестіру, сондай-ақ токенизация саласындағы реттеуді одан әрі дамыту бар.
Бұдан басқа, көпжақты және ұйымдастырылған сауда алаңдарын (Multilateral and Organised Trading Facilities) реттеуге өзгерістер енгізу ықтималдығы, кәсіби жарамдылық және адалдық жөніндегі нұсқаулықтарды (Guidance on Fitness and Propriety) жаңарту, туынды құралдар бойынша реттеу базасына түзетулер енгізу, тағайындалған өкілдер режимін (Appointed Representative Framework) әзірлеу, сондай-ақ реттеу периметрі бойынша нұсқаулықты жаңарту қарастырылуда.
AFSA реттеуші режимдерді жетілдіру және оларды қолданудың практикалық мәселелерін бірлесіп пысықтау мақсатында нарық қатысушыларымен тұрақты өзара іс-қимыл жасауға ерекше мән береді.
Жария консультациялар реттеуші базаны дамыту процесінің стандартты элементі болып қалуда. Жақында AFSA қолданыстағы реттеуді одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар қалыптасқанға дейін оның тиімділігі туралы нарықтан пікірлерді ерте жинау құралы ретінде активтерді басқару саласындағы реттеуші база бойынша Call for Evidence-ті алғаш рет іске қосты.
Нарықпен коммуникацияны нығайту үшін AFSA сонымен қатар жария кеңес беру нәтижелерін (Feedback Statements) жариялай бастады. Өткен жылы Feedback Statements капитал нарықтары, цифрлық активтер және краудфандинг салаларындағы жария консультациялардың қорытындылары бойынша жарияланды, бұл консультациялар нәтижелерінің ашықтығы мен айқындылығын арттырды.
Нарық қатысушылары өз ұсыныстарын тұрақты негізде жолдай алады және Call for Evidence пен жария консультацияларға белсенді қатыса алады, өйткені нарықтан кері байланыс – реттеуші базаны дамытудың маңызды элементі.
AFSA АХҚО-ның реттеуші базасын дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жобалары жөніндегі ұсыныстарға, сондай-ақ оны одан әрі дамыту мен жетілдіру бойынша басқа да түсініктемелер мен ұсыныстарды қуана қабылдайды, оларды [email protected] мекенжайына жіберуге болады.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында көрсетілетін қаржы қызметтерін және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидаларында қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелері көзделген.. afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бұл жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу есебінен халықаралық стандарттар бойынша бизнесті ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестициялар тартуға және елдің Қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]