AFSA Proportunity Management Company Limited және ACLB Management Company Limited компанияларына айыппұл салды. AFSA-ның компанияларды тіркеушісі аталған ұйымдарды және олармен байланысты өзге де құрылымдарды мәжбүрлеп тарату туралы өтінішпен АХҚО сотына жүгінді

Жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) жіберілген реттеушілік бұзушылықтар үшін Proportunity Management Company Limited компаниясына 249 770 АҚШ доллары мөлшерінде және ACLB Management Company Limited (ACLB) компаниясына 139 533 АҚШ доллары мөлшерінде айыппұл салды. AFSA сондай-ақ осы екі компанияның бас директоры Арман Баевқа қатысты кез келген авторизацияланған ұйымның немесе қосалқы қызмет провайдерінің (ASP) директоры немесе қызметкері лауазымдарына орналасуға немесе қызметті жүзеге асыруға тыйым салды. Бұған дейін AFSA Proportunity Management Company Limited (Proportunity) және ACLB Management Company Limited (ACLB) компанияларының реттеушілік мәртебесі туралы бірнеше жария хабарлама шығарған еді. 

Бұдан басқа, Компанияларды тіркеуші AFSA-ның алдын ала келісімімен әрекет ете отырып, АХҚО сотына Proportunity Management Company Limited, ACLB Management Company Limited және олармен байланысты екі арнайы мақсаттағы компанияны (бұдан әрі – Компаниялар) мәжбүрлеп тарату туралы өтінішпен жүгінді. Арман Баев осы компаниялардың жалпы бақылаушы акционері. 

Бұл шешімдер FinTech Lab арнайы көшпелі тексеруден және инвесторлардың өтініштерінің түсуінен кейін басталған AFSA ресми тергеуінің қорытындысы бойынша қабылданды. Тергеу барысында мыналар анықталды: 

  1. Proportunity және ACLB AFSA тарапынан қажетті авторизациясыз исламдық қаржыландыруды ұсыну және исламдық банк бизнесін жүргізу бойынша реттелетін қызметті жүзеге асырып, АХҚО-ның Қаржылық қызметтер туралы регламентінің (Financial Services Framework Regulations) 24-бабын бұзды; 
  1. Proportunity осы қызметті интернет-сайт және әлеуметтік желілердегі арналар арқылы белсенді ілгерілетуді жүзеге асыра отырып, аталған регламенттің 27-бабын бұзды; 
  1. Proportunity Ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі қағидаларды, Жалпы қағидаларды, FinTech қағидаларын, Бизнесті жүргізу қағидаларын және Нарықтың авторизацияланған қатысушыларының қызметін реттеу жөніндегі АХҚО қағидаларын қоса алғанда, АХҚО-ның негізгі қағидаларын  бұзуға жол берді; 
  1. Арнайы мақсаттағы екі компания – Project SI SPC Ltd. және BC Inteh Plus Ltd. – инвесторлардың қаражатын жалған негізде жинақтау үшін және AFSA рұқсат берген қызмет түрлеріне сәйкес келмейтін мақсаттар үшін пайдаланған. 

AFSA-ның заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы ұйғарымдарына және бірнеше рет берген ескертулеріне қарамастан, Proportunity және ACLB оларды елемей, рұқсат етілмеген қызметпен айналысуды жалғастырды және оны қолданыстағы нормативтік талаптарды бұза отырып жарнамалаумен айналысты. 

Анықталған бұзушылықтардың ауырлығын, реттеушілік ұйғарымдарды елемеу және осыған байланысты инвесторлар және АХҚО қаржы нарығының тұтастығы үшін тәуекелдерді ескере отырып, Тіркеуші осындай шара әділ, орынды және АХҚО-ның Компаниялар туралы регламентінің 176(1)(b) бабына сәйкес АХҚО мүддесіне сай келетіндігі негізінде компанияларды мәжбүрлеп тарату туралы өтінішпен АХҚО сотына жүгінді.  

Бұдан басқа, Тіркеуші Арман Баев компаниялардың директоры лауазымын атқара алмайды немесе жоғарыда аталған компанияларды басқаруға қандай да бір түрде (тікелей немесе жанама) қатыса алмайды деген негізде оны лауазымнан шеттету туралы өтінішпен АХҚО сотына жүгінді. 

Мәжбүрлеп тарату туралы бұл өтініш АХҚО шеңберінде инвесторлар мен басқа да кредиторлардың мүдделерін құқықтық қорғаудың жалғыз құралы. Бұл шара компаниялардың басшылығын лауазымнан босатады және олардың қызметті жалғастыруға немесе активтерді басқаруға заңды түрде тыйым салады. Егер АХҚО соты өтінішті қанағаттандырса, ол тәуелсіз ликвидаторды тағайындайды. Оның міндеттері компанияны бақылауға алу, қалған активтердің сақталуын қамтамасыз ету, олардың қаржылық істерін зерделеу және қайтарылған қаражатты АХҚО Банкроттық туралы ережесінде белгіленген басымдықтарға сәйкес кредиторлар (инвесторларды қоса алғанда) арасында бөлу болады. 

AFSA сонымен қатар барлық басқа кредит берушілердің, соның ішінде инвесторлардың талаптары басым түрде қанағаттандырылуы үшін айыппұлдарды өндіріп алу талаптарын өз еркімен соңғы кезекке қою туралы шешім қабылдады. 

AFSA инвесторлар мен тұтынушыларды қорғау үшін реттеу жүйесін жақсартуға және дамытуға бейілдігін сақтайды. Реттеуші АХҚО юрисдикциясындағы кез келген бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады және өз құзыреті шегінде заңнаманың және нарықтың тұтастығы сақталуын қамтамасыз ету үшін өз өкілеттіктерін қолданады. 

Анықтамалық ақпарат: 

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидаларында қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелері көзделген. afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz 

Байланыс ақпараты: 

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]