AFSA мен Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы секторының ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерінен қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шараларды әзірлеуде
Қаржылық мониторинг агенттігі мен АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) ұлттық қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға қарсы жүйені нығайту мәселелеріне арналған Комплаенс кеңесінің кезекті отырысын өткізді.
Кездесу барысында жаңа қаржылық технологиялар мен цифрлық активтердің дамуы аясында тәуекелдерді басқарудың өзекті тәсілдері, сондай-ақ АХҚО шеңберінде тиісті инфрақұрылымды одан әрі нығайту шаралары талқыланды. ФАТФ-тың 15-ұсынымы бойынша Қазақстанның рейтингін арттыруға бағытталған басым қадамдарды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Ішкі мониторинг механизмдерін жетілдірудің, соның ішінде клиенттерді тексеру және бенефициарлық меншік иелерін анықтау рәсімдерінің сапасын арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша Агенттік пен АХҚО Комитеті арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі күшейту, ұлттық қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыру және қаржы алаңдарын заңсыз мақсаттарда пайдалануға жол бермеу жөнінде бірлескен шаралар қабылдау туралы шешім қабылданды.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 85 елден 4300-ға жуық қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. afsa.aifc.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45