AFSA инвесторларды онлайн-алаяқтықтан қорғау мақсатында IOSCO I-SCAN жаһандық бастамасына қосылды

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) халықаралық бағалы қағаздар нарығын реттеушілердің IOSCO ұйымы шеңберінде құрылған  I-SCAN бастамасының ресми қатысушысы атанды. Аталған жаһандық платформа онлайн-алаяқтық пен заңсыз қаржылық қызметтерге қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған. Бұл, әсіресе, қаржы нарықтарының цифрлануы үдерісінің жеделдеуіне байланысты өзекті болып отыр. I-SCAN-ға қосылу арқылы AFSA IOSCO[1]-ның жаһандық хабарландырулар жүйесінде алаяқтық туралы өз ескертулерін жариялау мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі таңда қаржы нарықтарына жеке инвесторлардың қатысуы артып келеді, сонымен қатар мобильді қосымшалар, әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар арқылы инвестициялау кеңінен таралып жатыр. Осы жағдайларда қаржылық қылмыстар тәуекелі де ұлғайып отыр. Алаяқтық схемалар барған сайын күрделеніп, көбіне ақылы жарнама мен пайдаланушылар контенті арқылы жүзеге асырылады. I-SCAN бастамасы – реттеуші органдарға заңсыз инвестициялық ұсыныстар туралы ақпаратты орталықтандырылған түрде жариялап, оны автоматты түрде бұғаттап, инвесторларға қауіп туралы ескертуге мүмкіндік беретін халықаралық платформа. Бұл инвесторларды қорғауды күшейтіп, қаржы нарықтарына сенімді арттырады.

«AFSA-ның I-SCAN бастамасына қосылуы – қаржылық ортадағы қауіпсіздік пен ашықтықты арттыру жолындағы маңызды қадам. Біз халықаралық қауымдастықпен және жергілікті реттеушілермен бірлесіп, инвесторларды алаяқтықтан қорғауды күшейтіп, рұқсат етілмеген схемалар мен заңсыз тәжірибелер туралы хабардарлықты арттыруға үлес қосамыз. Себебі ақпараты бар адам ғана алаяқтықтан қорғана алады. Біздің мақсатымыз – нарық тұрақтылығын қамтамасыз ету және шекарааралық өзара іс-қимыл мен келісілген әрекеттер арқылы қаржы жүйесіне деген сенімді нығайту», – деп атап өтті AFSA Бас директоры Евгения Богданова.

I-SCAN бастамасы инвестициялық өнімдерге қатысты жарнамаларды қатаң бақылауды, реттеуші органдармен тығыз ынтымақтастықты және алаяқтық контентті цифрлық платформалардан белсенді жоюды көздейді.

AFSA Қазақстан Республикасындағы жергілікті онлайн-платформаларға I-SCAN халықаралық бастамасына қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Платформалар мен реттеуші органдар арасындағы өзара іс-қимыл қитұрқы жағдайларды уақтылы анықтауға және жолын кесуге ықпал етеді. IOSCO ұстанымына сәйкес, онлайн-алаяқтыққа тиімді қарсы іс-қимыл ішкі бақылау тетіктерін жетілдіруді, ұлттық заңнама талаптарын сақтауды және қадағалау органдарымен жедел ақпарат алмасуды талап етеді.

AFSA-ның бұл бастамаға қосылуы цифрлық қаржылық қызметтер саласындағы қадағалау тиімділігін арттыруға және халықаралық стандарттарға сай келетін АХҚО юрисдикциясына деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.

AFSA инвестициялық тәуекелдерді төмендету бойынша белсенді шаралар қабылдауда. Инвесторлар өз мүдделерін қорғау үшін келесі маңызды қадамдарды ұсынылған:

  1. Лицензиясы жоқ қаржылық ұйымдардан сақ болыңыз. АХҚО аумағында қаржылық қызмет көрсететін барлық компаниялар AFSA берген жарамды лицензияға ие болуы тиіс. Мұндай лицензияның болмауы — алаяқтық белгісі болуы мүмкін. Компаниялар мен жеке тұлғалардың лицензиясын тексеру үшін AFSA-ның ресми Жария тізілімін пайдаланыңыз. Бұл тізілімге тек afsa.aifc.kz ресми сайтынан кіріңіз — электрондық пошта немесе басқа ресурстардағы сілтемелерге сенбеңіз.
  2. Құқықтарыңызды біліңіз. Интернеттегі қаржылық қызметтерді пайдалану кезінде мұқият болыңыз. Жеке деректеріңізді тек тексерілген және лицензияланған провайдерлерге ғана беріңіз. Ұсынылған өнімдердің шарттарын мұқият зерттеңіз және ақпаратыңыздың қалай пайдаланылатынын алдын ала анықтаңыз. Банктік үзінді көшірмелеріңізді күмәнді белсенділікке үнемі тексеріп отырыңыз. Тек лицензиясы бар компаниялар қаржылық қызмет көрсете алады және олар өнім шарттарын нақты түсіндіріп, оның сіздің қажеттіліктеріңізге сәйкестігін бағалауға, негізгі ақпаратты ұсынуға, жазбаша келісім жасауға және клиенттерді үнемі хабардар етіп отыруға міндетті.
  3. Цифрлық активтермен жұмыс істеу кезінде негізделген шешім қабылдаңыз. Цифрлық активтер саласы жоғары тәуекелдермен байланысты. Көп жағдайда транзакциялар қайтарылмайды, сондықтан расталмаған провайдерлермен жұмыс істеу кезінде жоғалған қаражатты қайтару мүмкін емес. Қазақстанда цифрлық активтермен сауда жасау тек AFSA лицензиясы бар криптобиржаларда ғана рұқсат етілген.
  4. Сақ болыңыз. Егер сізге лицензиясыз компания немесе AFSA реттеуіне жататын қызметтерді ұсынатын адам хабарласқан сияқты болса, бұл туралы біздің сайттағы арнайы бөлім арқылы хабарлаңыз.
  5. Ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеріңіз. Компания қызметінің заңдылығын әрқашан сенімді дереккөздер арқылы қайта тексеріңіз. I-SCAN сияқты құралдар халықаралық деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл инвестиция туралы шешім қабылдамай тұрып рұқсат етілмеген әрекеттер мен ықтимал тәуекелдерді анықтауға көмектеседі.

 

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 84 елден 4000-ға жуық қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz  

 

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

pr@afsa.kz 

 

_

[1] IOSCO Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы (International Organization of Securities Commissions, IOSCO) – дүние жүзіндегі бағалы қағаздар нарығын реттеушілерді біріктіретін жетекші халықаралық ұйым.