AFSA 2024 жылды рекордтық өсіммен аяқтап, АХҚО-ның жаһандық қаржы орталығы ретіндегі позициясын нығайтты
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) 2024 жылды жоғары көрсеткіштермен аяқтап, Орталық шеңберіндегі реттеу жүйесі АХҚО-ның қор басқарушылары, финтех-компаниялар және капитал нарығының қатысушылары үшін тартымды платформаға айналуына ықпал ететінін растады.
Тіркеу
AFSA 1 174 жаңа қатысушы компанияны тіркеді, бұл 2023 жылғы 600 тіркеумен салыстырғанда екі есеге артық. Нәтижесінде тіркелген компаниялардың жалпы саны 3 500-ден асты, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия және Сингапурды қоса алғанда, 85 елді қамтыды.
AFSA өзінің тіркеу қызметтерін одан әрі цифрландыру үшін тұрақты жұмыс жүргізуде. 2024 жылы біз тіркеуден кейінгі сервис саласындағы онлайн-қызметтер тізбесін кеңейттік, бұл компанияларға акцияларды беруді тіркеуге және өздерінің жарғылық капиталын онлайн режимде өзгертуге немесе қысқартуға мүмкіндік берді. Жаңа онлайн-жүйенің арқасында өңдеу уақыты – берілген ақпараттың дәлдігі мен толықтығына байланысты 7-10 жұмыс күнінен 1-5 жұмыс күніне дейін айтарлықтай қысқарды.
Лицензиялау
Бір жыл ішінде AFSA АХҚО-да қаржылық қызметтер көрсететін 49 компанияға лицензия берді, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Лицензияланған қаржы компанияларының жалпы саны 126-ға жетті. Сондай-ақ консультанттарға (қосалқы қызметтерді ұсынушыларға) 21 лицензия берілді, нәтижесінде лицензияланған консультанттардың жалпы санын 130-дан асты.
Лицензияланған компаниялардың үштен бірінен астамы қорларды басқаруға лицензия алды, бұл АХҚО-да осы секторға жоғары қызығушылықты көрсетеді. Сондай-ақ «құм жәшігінен» толыққанды реттеу режиміне өтудің үш сәтті оқиғасы тіркелді.
2024 жылы AFSA Грузия, Катар қаржы орталығы, Дубай халықаралық қаржы орталығы, Абу-Даби жаһандық нарығы, Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, ЕО елдері, Швейцария, Австралия, Малайзия және Гонконг сияқты 12 юрисдикцияны баламалы деп таныды. Бұл тану АХҚО-да шетелдік қор менеджерлері мәртебесін алуға ұмтылатын компаниялар үшін өтінім беру процесін жеңілдетеді, өйткені бұл процесс юрисдикциялық айырмашылықтарға талдау (gap analysis) жүргізу қажеттілігін жою есебінен жеделдетіліп отыр.
Активтер мен қорларды басқару
Қорлар мен активтерді басқару – АХҚО-дағы ең жылдам дамып келе жатқан индустриялардың бірі. Соңғы 3,5 жылда басқарудағы активтер 865%-ға өсіп, 2021 жылдың басындағы 115 млн доллардан 2024 жылдың соңына қарай 1,1 млрд доллардан асты.
Сол сияқты, АХҚО-да тіркелген қорлар саны 2024 жылдың басындағы 42-ден 2024 жылдың соңында 101-ге дейін, ал қорлар мен активтерді басқарушылар саны 46-дан 65-ке дейін өсті. Олардың көпшілігі хедж-қорларға[1] маманданған, содан кейін тікелей инвестициялар қорлары[2], венчурлық қорлар және жылжымайтын мүлік сенімгерлік қорлары[3], кірісі бекітілген қорлар, тауар, криптовалюта, кредиттік және қолшатыр қорлары[4] сияқты басқа санаттарды атауға болады.
2024 жыл алғаш рет орын алған бірнеше маңызды оқиғамен айшықты болды: AFSA бөлшек инвесторлар үшін алғашқы босатылмаған қорды (Non-Exempt) және шариғат нормаларына сәйкес келетін алғашқы қорды – ITS Shariah ETF Fund OEIC PLC, сондай-ақ АХҚО-дағы алғашқы қолшатыр қоры – Fonte Emerging Markets Umbrella Fund OEIC Limited тіркеді. AFSA сонымен қатар лицензияланған инвестициялық биржада босатылған қорлардың[5] (Exempt) листингіне рұқсат берді, бұл ретте үш босатылған қор AIX листингінен өтті.
Финтех және цифрлық активтер
2024 жылы FinTech Lab реттеуші «құм жәшігінде» цифрлық активтердің төрт жаңа биржасы тіркелді, ал Binance (BN KZ Technologies Limited) және Bybit (Bybit Limited) «құм жәшігінен» толыққанды реттеуші режимге сәтті өтті. Жаһандық биржалардың ішінде еуропалық ірі криптовалюталардың бірі – WhiteBIT жаңа қатысушы атанды.
АХҚО шеңберінде жұмыс істейтін цифрлық активтер қызметтерін ұсынушылардың сауда-саттық көлемі 1,4 млрд доллардан асты, ал клиенттік база 140 000-нан астам адамға дейін өсті. Бұл сауда-саттық 324 млн долларды, ал клиенттер базасы – 53 000 адамды құраған 2023 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім.
Қазақстанның Ұлттық пошта операторы «QazPost» АҚ Қазақстандағы коммерциялық банктермен (екінші деңгейдегі банктер – ЕДБ) қатар осындай қызметтерді ұсынуға рұқсат етілген ұйымдардың тізіміне ресми енгізілгеннен кейін цифрлық активтермен фиаттық операцияларды жүргізу құқығына ие болды.
Капитал нарықтары
Тек 2024 жылы AIX биржасы маңызды кезеңге – 140 жаңа листингке жетті, нәтижесінде биржада саудаланатын бағалы қағаздардың жалпы саны 250-ден асты. Бұл эмитенттердің AIX листингіне деген қызығушылығының артуын көрсетіп, биржаның жергілікті және халықаралық компаниялардың листингіне арналған негізгі алаңы ретіндегі рөлін күшейтеді. Бұл өсім дамыған нарықтық инфрақұрылымның және әлемдік стандарттарға сәйкес келетін нормативтік-құқықтық базаның арқасында мүмкін болды.
Көпжақты сауда платформасын (MTF) басқаруға AFSA лицензиясын алған алғашқы компания – International Trading System Ltd. (ITS) 2024 жылы АХҚО базасында клирингтік және есеп айырысу инфрақұрылымын құрғаннан және AFSA лицензиясын алғаннан кейін өз қызметін қайта бастады. Оның негізгі жетістіктері ретінде: акциялар, депозитарлық қолхаттар сияқты 3000-ға жуық саудаланатын бағалы қағазды, сондай-ақ NYSE және NASDAQ сияқты әлемдегі жетекші биржаларда бастапқы листингке ие биржалық инвестициялық қорларды[6] қосуын; AIX-те листингтен өткен және ITS-те (ITS World ETF)[7] сауда-саттыққа жіберілген АХҚО-ның бірінші босатылмаған (non-exempt) қорын іске қосуын, 2024 жылы ең жоғары күнделікті айналымы 16 млн АҚШ долларымен сауда-саттықтың жалпы көлемі бойынша 200 млн АҚШ долларына қол жеткізуін атауға болады. ITS АҚШ-тың ішкі Салық қызметінен (IRS) білікті делдал (QI)[8] мәртебесін алды, бұл АҚШ-та тіркелген бағалы қағаздардан түсетін кіріске салық мөлшерлемелерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Реттеуші нормаларды дамыту
2024 жылы келесі салалар: отбасылық кеңселерді, корпоративтік қазынашылық орталықтарды, венчурлық студияларды реттеу, сондай-ақ «жасыл» және орнықты дамумен байланысты облигациялар мен сукуктерді шығару үшін реттеуші база әзірленді. Токенизацияланған тауарлар мен токенизацияланған инвестицияларды бақылау үшін АХҚО қағидаларына, Көпжақты және ұйымдастырылған сауда алаңдарының жұмыс қағидаларына өзгерістер енгізілді, сондай-ақ заңды тұлғалардың қызметін реттейтін актілер қайта қаралды.
Бұдан басқа, біз ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл және санкциялар жөніндегі жүйеге өзгерістер, сондай-ақ банкроттық туралы қағидаларға қосымша өзгерістер енгіздік. AFSA сонымен қатар туынды құралдарды реттеу, активтерді басқару және кредиттік рейтингтік агенттіктерді реттеу шеңберінде өзгерістер енгізді.
Бұған қоса біз АХҚО-да тәуекел деңгейі төмен қаржылық қызметтерді ұсынатын компаниялар үшін жеңілдетілген нормативтік құрылымды ұсындық, ESG саласындағы ақпаратты ерікті түрде ашу жөніндегі нұсқаулықты әзірледік және исламдық қаржылық қызметтер мен өнімдерді ұсынушылар үшін капиталға қойылатын талаптарды жеңілдеттік.
Халықаралық ынтымақтастық
Осы жылдың ішінде Сальвадордың цифрлық активтер жөніндегі ұлттық комиссиясын (CNAD), Әзірбайжан Республикасының Орталық банкін (CBAR), Түркияның сақтандыру және жеке зейнетақыларды реттеу және қадағалау агенттігін және Швецияның қаржылық қадағалау органын (Finansinspektionen) қоса алғанда, реттеуші төрт органмен келісімдерге қол қойылды.
Оман Сұлтандығының Қаржы қызметтері басқармасымен, Өзбекстан Республикасының Перспективалық жобалардың ұлттық агенттігімен, Қырғыз Республикасының қаржы реттеушісімен (қаржылық қадағалау) және Венгрияның Орталық банкімен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жол карталарына қол қойылды.
Жалпы, AFSA құрылғаннан бері өзара түсіністік туралы 57 келісім мен меморандумға қол қойды.
Анықтама үшін:
Анықтама ретінде:
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 80-нен астам елден 3600-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45
[1] орташа нарықтық кірістен асып түсу мақсатында басқарылатын біріктірілген қаражаты бар инвестициялық құрал.
[2] инвесторлардың ақшасын біріктіретін және негізінен биржада бағамдалмаған кәсіпорындарға инвестициялайтын қор.
[3] кіріс әкелетін жылжымайтын мүлікке иелік ететін, басқаратын немесе қаржыландыратын және капиталды тарту үшін акцияларды сататын компания.
[4] әрқайсысының бірегей инвестициялық мақсаттары мен стратегиялары бар, бұл ретте біртұтас заңды тұлға болып қалатын бірнеше қосалқы қорлардан тұратын инвестициялық тетік.
[5] АХҚО-да пайлары тек кәсіби клиенттер арасында жеке орналастыру арқылы және ең аз жазылым сомасы 50,000 АҚШ долларын құрайтын ұжымдық инвестициялар схемасы.
[6] Биржалық инвестициялық қор – бұл бағалы қағаздар тобын бір қорға біріктіретін инвестициялық құрал. Ол биржада жеке акция ретінде саудалана алады.
[7] Бұл биржалық инвестициялық қор Америка, Еуропа, Азияны қоса алғанда әлемнің түрлі аймақтарының 50 жетекші компаниясынан және Қазақстан экономикасының маңызды ойыншыларынан құрылған әртараптандырылған портфельді қамтитын ITS World индексінің динамикасын бақылауға арналған.
[8] Білікті делдал мәртебесі (QI) – бұл АҚШ-тың Салық қызметі (IRS) АҚШ аумағынан тыс орналасқан банктер мен сауда платформалары сияқты қаржы институттарына беретін арнайы белгі. Бұл осы ұйымдарға салық талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, өз клиенттерінің атынан АҚШ-тан инвестициялық кірісті (мысалы, американдық акциялар бойынша дивидендтер немесе пайыздар) басқаруға мүмкіндік береді.