АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен Оман Сұлтандығының Қаржылық қызметтер басқармасы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жол картасына қол қойды
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) Бас директоры Нұрхат Көшімов және Оман Сұлтандығы Қаржылық қызметтер басқармасының (FSA) атқарушы президенті Мәртебелі Абдулла Бин Салем Әл Салми ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жол картасына қол қойды. Құжатқа қол қою Astana Finance Days 2024 аясында өтті және осы қаржы реттеушілері арасындағы екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңін айшықтады.
Жол картасы ынтымақтастықты тереңдетуге және капитал нарықтары, активтерді басқару және цифрлық активтер сияқты негізгі салаларда тәжірибе алмасуға ықпал етуге арналған. Ол сондай-ақ қаржы нарықтарының тығыз интеграциясына ықпал ете отырып, қос юрисдикцияның реттелетін нарықтарына өзара қол жеткізу мүмкіндіктерін зерделеуге бағытталған.
Бұл келісім қос ұйым 2023 жылы қол қойған өзара түсіністік туралы меморандумға негізделген. Құжат ынтымақтастық пен ақпарат алмасудың негізін қалады, ал жақында қол қойылған жол картасы меморандумда белгіленген мақсаттарды жүзеге асырудың нақты қадамы саналады.
Келісімге қол қою рәсімінен кейін реттеушілердің өкілдері реттелетін нарықтар бойынша шолу сессияларын өткізді, сессиялар барысында қаржы нарықтарын дамыту мен реттеуге қатысты пікірлермен алмасып, өз көзқарастарын білдірді. Сессиялар қос тараптың да өз юрисдикцияларында қаржылық экожүйелерді жақсарту бойынша тәжірибе алмасуға және бірлесіп жұмыс істеуге бейілдігін тағы бір рет көрсетті.
AFSA бас директоры Нұрхат Көшімов: «Жол картасын іске асыру АХҚО мен Оман Сұлтандығы арасындағы тығыз ынтымақтастыққа ықпал етеді деп күтілуде, бұл әрбір юрисдикциядағы қаржы нарықтарының дамуын нығайтып қана қоймай, өңірдегі қаржы нарықтарының жалпы өсуіне және интеграциясына үлес қосады».
Оман Сұлтандығы Қаржылық қызметтер басқармасының атқарушы президенті Мәртебелі Абдулла Бин Салем Әл Салми: «Жол картасына қол қою біздің AFSA-мен ынтымақтастығымыздағы маңызды қадам болып табылады. Бұл келісім капитал нарықтары, цифрлық активтер, хабардарлықты арттыру және бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру сияқты негізгі салаларға бағытталған. Жол картасы — біз 2023 жылы қол қойған Өзара түсіністік туралы Меморандумның жалғасы. Ол одан әрі ынтымақтастық үшін берік негіз қалайды. Біз Astana Finance Days конференциясының алдында қол қою рәсімінен кейін кездесулер мен талқылаулар өткізу мүмкіндігіне ерекше қуаныштымыз. Біз осы кеңейтілген серіктестіктің әр тарапқа өзара пайдалы болады деп білеміз және оны сәтті жүзеге асыруды асыға күтеміз».
Анықтамалық ақпарат
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 82 елден 3000-ға жуық қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45