AFSA ұжымдық инвестицияларды басқару қызметін жүзеге асыратын лицензияланған компанияларға пруденциалдық жеңілдіктер береді

AFSA кәсіби клиенттерге қатысты ұжымдық инвестицияларды басқарудың реттелетін қызметін жүзеге асыратын компаниялар үшін пруденциалды жеңілдету шараларын жариялады[1]. Тиісті өзгеріс 2024 жылдың 24 сәуірінде күшіне енді.

Жеңілдету шаралары компанияларға тәуекелдерді азайту бағдарламасын[2] іске асыру кезеңінде және ол аяқталғаннан кейін 24 ай ішінде реттеуші капиталға қойылатын ең төменгі талаптарды сақтау үшін жеңілдік кезеңін ұсынады.

Өздерінің тәуекелдерді азайту бағдарламасын енгізген және 24 айдан астам жұмыс істейтін компаниялар бар екенін ескере отырып, кәсіби клиенттерге қатысты ұжымдық инвестицияларды басқарудың реттелетін қызметін жүзеге асыратын қалған лицензияланған компаниялардың шамамен 50%-ы осы жеңілдік кезеңін пайдалана алады.

Жеңілдету шараларын енгізудегі себеп, жаңа инвестициялық компаниялар саланы өзгерте алатын және экономикалық өсуді ынталандыратын тың перспективалар, жаңа тәсілдер мен серпінді технологиялар әкеледі деп күтілуде.

Жаңа инвестициялық компаниялар АХҚО реттеуші ортасында бағдарлау кезінде белгілі бір қиындықтарға тап болатыны жасырын емес. АХҚО-да көп жылдық тәжірибесі бар тәжірибелі ойыншылардан айырмашылығы, жаңа инвестициялық компанияларда қатаң пруденциалдық талаптарды сақтау үшін масштаб, ресурстар және институционалдық білім жете бермейді.

Осы компаниялардың ерекше жағдайларына бейімделген мақсатты реттеуші жеңілдіктерді ұсына отырып, реттеуші ойын ережелерін теңестіруге, кәсіпкерлікті ынталандыруға, олардың әлеуетін толық ашуға және стартаптар үшін капиталға қол жеткізуді жеңілдетуге, сондай-ақ инновациялық жобаларға инвестицияларды ынталандыруға ықпал етеді.

AFSA бас директоры Нұрхат Көшімов: «Пруденциалдық жеңілдіктерге қатысты  жаңа шаралар – АХҚО-ның қаржы секторында неғұрлым серпінді әрі бәсекелі орта құруға бағытталған реттеуге деген көзқарасымызда алға жасалған елеулі қадам және қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен тұтастығын қорғау, сондай-ақ саладағы инновацияларға, өсуге және бәсекеге қабілеттілікке жәрдемдесу арасындағы теңгерімді қамтамасыз етудің уақтылы іске асқан құралы саналады», — деп атап өтті.

Бұл шаралар АХҚО-дағы қорлар мен активтерді басқару ортасын жақсартады, олардың комплаенс шығындарын азайту есебінен қор басқарушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттырады, капиталға қолжетімділікті кеңейтеді және AFSA стратегиялық мақсаттарын іске асыруға әсер етеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, лицензияланған компаниялар өздерінің шарт ұсынысы материалдарында[3]  қолданылатын жеңілдікті кезеңді толық ашуға және инвестициялық компаниялар үшін АХҚО пруденциалдық қағидаларының 3-ші тарауына сәйкес есептелген компанияның реттеуші капиталын ашуға міндетті екенін атап өткен жөн.

Реттеуші капитал – инвестициялық компанияның пруденциалдық талаптарды орындау және ықтимал шығындарды жабу үшін иеленетін қаржылық активтері мен резервтері.

Қысқа және орта мерзімді перспективада қаржылық тәуекелдер мен нарықтың тұрақтылығын бақылау үшін AFSA инвестициялық компаниялар үшін АХҚО пруденциалдық қағидаларының 2.2.3-тармағында баяндалған компанияның қызметіне араласу жөніндегі өз өкілеттігін сақтайды.

Бұл дегеніміз, компанияның немесе жалпы нарықтың қаржылық тұрақтылығына әсер етуі мүмкін белгілі бір қолайсыз жағдайлар нарықта өрбіген жағдайда, AFSA инвестициялық компанияларға реттеуші капиталдың және/немесе өтімді активтердің қосымша көлемдерінің болуы әрі қамтамасыз етілуі бойынша талаптар қоюға құқылы[4].

Инвестициялық компаниялар үшін АХҚО пруденциалдық қағидаларында белгіленген, оның ішінде өтімді активтерге қойылатын талаптарда және есептілік пен хабарламаға қойылатын талаптарда сипатталған басқа да талаптар лицензияланған компанияларға қолданылады.

 

  

Анықтамалық ақпарат

АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы»  Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржы қызметтерін және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 78 елден 2600-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрін Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарындағы қолжетімді қызметтер тізімімен салыстыруға болады. www.afsa.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу әрі жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

 

Байланыс үшін:

Қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]

 

[1] Кәсіби клиенттерге қатысты ұжымдық инвестициялау схемасын басқару бойынша реттелетін қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар компаниялар үшін капиталға қойылатын ең төменгі талаптар инвестициялық компаниялар үшін АХҚО пруденциалдық қағидаларына сәйкес 50 000 доллар мөлшеріндегі базалық талапқа тең.

[2] Тәуекелдерді азайту бағдарламасы – компания АХҚО-да өз қызметін бастағанға дейін іске асыруға міндеттенетін шаралар.

[3] Әлеуетті инвесторларға ұсынылатын материалдар.

[4] Құнды айтарлықтай жоғалтпай немесе қаржы нарығына әсер етпестен қолма-қол ақшаға оңай айырбастауға болатын активтер.