«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің (бұдан әрі – АФСА) актілері екінші рет жария түрде тыңдалды. Пікір алмасуға қазақстандық және халықаралық брокерлік компаниялардың, екінші деңгейдегі банктердің, активтерді басқарушы компаниялардың және исламдық қаржы саласындағы ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті заң консультанты Хоган Ловелспен, сондай-ақ халықаралық сарапшылар командасымен бірлесіп, 2018 жылдың 1 қаңтарына іске қосылуы жоспарланған АХҚО-ның құқықтық және нормативтік базасын жасау үшін орасан зор жұмыстар атқарды», – деді АФСА-ның Бас директоры Стивен Глинн.
Екінші жария талдау барысында бизнес жүргізу қағидалары, қаражатты жымқырумен күрес және терроризмге қарсы күресті қаржыландыру, аудиториялық қағидалар, исламдық қаржы қағидалары, пруденциялық талаптар, АХҚО-да қызметін жүзеге асыратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға қойылатын талаптар, кірістері корпоративтік табыс салығынан босатылатын АХҚО қатысушыларының қаржылық қызметтер тізімі және басқа да актілерді қоса алғанда бірқатар мәселелер талқыланды.
Қағидалар халықаралық стандарттарға сәйкес және әлемнің жетекші халықаралық қаржы орталықтарының тәжірибелері негізінде әзірленді. АФСА-ның Заңнамалық кеңесі қарағаннан кейін қағидалар «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің Директорлар кеңесіне бекітуге жіберіледі.
Тыңдаудың қатысушылары АФСА-мен консультация үдерісіндегі ұсыныстарға қызығушылық танытты. Комитеттің құқықтық және нормативтік базасын жақсырақ түсіну үшін 2018 жылы тұрақты негізде консультациялар өткізіп тұру туралы шешім қабылданды.
Бұған дейін, 2017 жылдың тамыз айында «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі алғашқы актілер топтамасын талқылауға ұсынған болатын, олар: қаржылық қызметтер мен нарықтар бойынша негізгі акт, лицензиялаудың жалпы қағидалары, нарықтың инфрақұрылымын құратын ұйымдардың қызметін реттеу жөніндегі қағидалар, нарықта қызметті жүзеге асыру қағидалары, сондай-ақ нарық қатысушыларын тану қағидалары. АФСА-ның Бас директоры Стивен Глинн бұл актілерді «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті зерттеп-мақұлдағанын және олар «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы мақұлдағаннан кейін күшіне енетіндігін атап өтті.